«Таза Қазақстан». Түркістанда 1 млн көшет егіледі

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысында 1 млн көшет егіледі деп жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде экологиялық акция басталған болатын. «Таза өлке» науқаны басталғалы бері өңірде 1500 көше, 33 мыңнан астам аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылды.

5 аптаға созылатын науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуана қабылдады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды өзі үлгі көрсетіп, шаһардағы белсенді демалыс саябағына ағаш екті. Барша түркістандықтарды жаңа акцияны қолдауға шақырып, туған жердің тазалығын сақтау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Қазіргі таңның өзінде облыс бойынша 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет пен гүл егілді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын біздің табиғат жанашырларымыз, жастарымыз қуанышпен қарсы алып отыр. Бұл акцияның негізі мақсаты – тұрғындарымыздың, жастарымыздың табиғатқа, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін ояту.

Одан кейін қала тұрғындары мен белсенді жастар, еріктілер мен спортшылардан құралған топ «Түркі бағында» тазалық жұмыстарын жүргізді. Жиылған жұрт саябақтағы ағаштардың түбін әктеді. 

Мұрат Аханов, облыстық жауынгерлік клуб президенті:

- Қазақ болғаннан кейін әке-шешеміз таза жүріңдер, таза тұрыңдар дейді. Мектеп кезінде сенбілік деген болатын. Содан үйрендік қой өзіміз. Жастарда қолдарынан келгенше тазалап жатыр. Өзіміз үлгі болсақ, бізге қарап жастарда таза жүреді деген ойдамын.

Сонымен қатар табиғатты аялау акциясы аясында 200-ге жуық колледж студенті шаһардағы «Жеңіс» саябағын тазалау жұмыстарын жүргізді. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру дейді жастар.

Жансерік Жұман, жастар өкілі:

- Өзіміздің қолымыздан келгенше тазалау жұмыстарына атсалысудамыз. Дегенмен қоғамда тазалық жұмыстарына, сол деңгейге жеткізбесек деген ниет бар.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барысында өңірдегі 275 саябақ пен аллея және 192 балалар мен спорт алаңшалары тазаланды. Бұл іс-шараларға 279 техника мен 15 мыңнан астам адам жұмылдырылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай 2025 жылдың соңына дейін облыстағы 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 млн-нан астам көшет егу көзделіп отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш «24.KZ» Түркістан облысы