Су тасқынының да пайдасы бар

Жайықтағы су деңгейі Атыраудың тұсында бір тәулікте 5 сантиметрге көтерілді.

Ал Индер ауданында 32 сантиметрге жоғарылаған. Өңірдегі ахуал әзірге тұрақты. Тасқынның арқасында құрғаған көлдер суға толып жатыр.

Жоғарыдан аққан Жайықтың мол суын бірінші қабылдап алатын Индер ауданында тоғандарға су шығып, балықтардың уылдырық шашып жатқаны байқалады.

20 жыл бойы құрғап жатқан тоғандарға су келді. Мұның балықтардың көбеюіне көмегі көп. Қазір Индер ауданындағы барлығы 21 тоған суға толып тұр. Балық қорғау инспекциясының мамандары балықтардың уылдырық шашып жатқаны байқалады, дейді. Қазір әр тоған бақылауда.

Нақтырақ айтсақ осы тоғандарда тұқы балықтарының көбейетін түрі бар. Былтыр 18 тоған суға толса, биыл бәрі айдынға айналған. Қазір Индер балық инспекциясының мамандары бақылауды күшейткен.

Айнұр Ибатуллина, Индер балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:

- Жайық өзенінен бастау алатын су жүйелері бар, жаңа айтқанымыздай, каналдар. Оларға да су құйылып жатыр. Көбі біле бермейді, су тоғандары қара балықтардың уылдырық шашатын мекені. Бұл судың келуі балық шабақтарының өсіп, өнуіне үлкен мүмкіндік. Айналасында балық өлу фактілері жоқ.

Тасқын судың арқасында шабындықтар мен жайылымдар да суға толып жатыр. Мол су ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін береді, дейді мамандар.

Дарын Шамұратов, Индер ауданының әкімі:

- Ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жайылымы бар, суы бар, шабындығы бар, соған оң әсер етеді. Екіншіден осы бөгеттерге, елді мекендерге зиянын тигізбей, қысымды азайтады. Су жолын ашу жұмыстарын ұйымдастырдық.

Қазір облыстағы жағдай тұрақты бақылауда. Кешелі бері Индер ауданында су деңгейі 32 сантиметрге көтерілсе, Атырауда бұл 479 сантиметрге жеткен. Яғни қауіпті межеге әлі 70 сантиметр бар.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин, 24.KZ, Атырау облысы