«Таза Қазақстан». Ақтеңіз жағалауы тазаланды

Анталиядағы қазақстандықтар Ақтеңіз жағалауын тазартып, экологиялық акция өткізді.

Оған еліміздің азаматтарымен қоса, өзге де ел өкілдері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Тазалыққа үгіттейтін акцияның мамырдың алғашқы күндері өтуінің өзіндік себебі бар. Санаулы күннен кейін Ақтеңіз жағалауында туризм маусымы ашылады.

Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығы бастамасымен өткен іс-шараның мақсаты қоршаған ортаға қамқорлық және экологиялық мәселелердің маңыздылығына назар аудару. Қала жағажайларындағы сенбілікке Анталия тұрғындары дән риза. Олар жыл сайын экологиялық науқанға атсалысуға дайын. Тазалық акциясына қатысушылар қазақ әндеріне би билеп, ұлттық тағам түрлерінен дәм татты. Ал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан Анталияның тазалығына үлес қосты» деген хабар таратты.

Қуат Қанафеев, ҚР Анталиядағы бас консулы:

- Экологиялық акциямызды Анталия муниципалитеті мен Қазақстан іскер адамдар қауымдастығымен бірге ұйымдастырдық. Еліміздегі «Таза Қазақстан» науқанына қашықтан болса да қолдау көрсетіп, дәл қазіргі тұрғылықты жерімізге деген қамқорлығымызды осылайша көрсетуге тырыстық. Осы тектес іс-шаралар тұрғындар арасында экологиялық мәдениеттің одан әрі қалыптасуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Жанар Бағитжанова, студент:

- Ақтеңіз университетінің студенті ретінде бәріміз Лара жағалауын тазаладық. Анталия жалпы Түркияны біз екінші отанымыз деп санаймыз. Қаланың тазалығына аз да болса үлесімізді қосайық деген мақсатпен бүгінгі акцияға қатыстық.