«Таза Қазақстан». 900 ағаш егілді

"Таза Қазақстан" акциясының "Мөлдір бұлақ" апталығы аясында Талдықорғанды қақ жарып ағатын Қаратал өзенінің бойы тазартылды.

Аптап ыстықта көпшілік суға шомылатын жағажай аумағы да ретке келтірілді. Тұрмыстық қалдықтарды жинауға 50 шақты адам жұмылдырылды. Мемлекеттік және коммуналдық мекеме жұмысшылары, қоғам белсенділері саябақтағы ағаштардың түбін әктеп, орындықтарды сырлады.

Жалпыұлттық экологиялық айлық басталғалы қаладан 4200 текше метр қоқыс шығарылды. Сенбілікке 5 мыңнан аса адам қатысып, шаһар аумағын жасыл-желекпен көмкеруге атсалысты.

Қуаныш Сейтімбетов, қала әкімінің орынбасары:

- «Таза Қазақстан» акциясымен 900 ағаш егілді. Жыл соңына дейін 5 мыңға дейін ағаш егу жоспарымызда бар. Жалпы 6500 ағаш егуге мүмкіндігіміз бар.