359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан Қырғызстанға бензин экспорттайды

  • 538

«Хабар 24» арнасында жаңа телемаусым басталды. Жаңалықтар топтамасындағы жаңа айдарда күнделікті еліміздегі және әлемдегі экономика жаңалықтарына шолу жасалатын болады.

Қазақстан Қырғызстанға бензин экспорттайды

Еліміз Қырғызстанға бензин экспорттайды. Осы мақсатта тараптар келісімге қол қойды. Нәтижесінде қазаннан бастап АИ 92 маркалы жағар-жанар майдың алғашқы партиясы айыр қалпақты ағайынға жеткізілмек. Бұл жайында «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Шухрат Данбай мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде жеткілікті деңгейде бензин шығарылады. Сондықтан біз ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыра отырып, өз өнімімізді өзге елдерге экспорттауға қауқарымыз жететінін айтады.

Шухрат Данбай, «Қазмұнайгаз» ҰҚ» АҚ басқарушы директоры:

– Павлодар зауыты авиациялық отын, жоғары сапалы реактивтік отын өндіруді жалғастырады. Қазірдің өзінде әуе компаниялары өз өнімімізді тұтына бастады. Бұл ішкі нарықтағы баға құнына әсер етті. Нәтижесінде көтерме сауда бағасы 20-30 пайызға дейін төмендеді.

 

Ақтөбе облысында жанар-жағар май бағасында өзгеріс жоқ

Сарапшылар елімізде бензин бағасы көтерілмейтінін айтады. Керісінше, арзандауы мүмкін. Мәселен, қазір Ақтөбе облысындағы жағдай тұрақты. Жанар-жағар май бағасында өзгеріс жоқ. Бұл туралы өңірге бензин жеткізуші компания филиалының директоры мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейін, бұған дейін еліміздің Энергетика министрлігі Ресейден жанар-жағар май тасымалдауға тыйым салу туралы жарлық шығарды. Алдағы үш айда теміржол арқылы тасылатын бензинге рұқсат жоқ. Дегенмен бұл жағдайда көрші елмен шекаралас жатқан өңірлер зардап шекпейді. Қазір ақтөбеліктер Атырау мұнай өңдеу зауытының өнімін тұтынып отыр. Себебі осы зауыт – батыс аймақты жанар-жағармаймен қамтитын кәсіпорын.

Бұл ретте Ресейдің монополияға қарсы мамандары бензин экспортының тоқтауына қатысты пікір білдірді. Олар бұл жағдайды мұнай өңдеу зауыттарының іске қосылуымен байланыстырып отыр. Оған қоса, енді ресейлік мұнай өндірушілер өз нарығындағы сұранысты қанағаттандыратын болады.

 

Елімізде 2023 жылы туризм жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын құрайды

2023 жылы туризм жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын құрайды. Жоспарды жүзеге асыру мақсатында жыл соңына дейін саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жасалады. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және спорт министрі өзінің фейсбуктегі парақшасында мәлім етті. Арыстанбек Мұхамедиұлы «туризм еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына жаңа қарқын береді», – дейді. Сондай-ақ жыл соңына дейін туристік қызмет туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігін атап өтті.

Елбасымыз атап өткендей, туризмді дамыту бағдарламасы биылғы жылдың аяғына дейін қабылдануы тиіс. Ол қаржы, заңнама тұрғысынан негізделуі тиіс. Осы жылдың аяғына дейін туристік қызмет туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет. Нұрсұлтан Назарбаев мақсатты түрде демалыс және туристік орындармен танысты: «Олар шынымен нақты, алайда туризм инфрақұрылымына үлес қосу мәселесін жолға қою қажет. Бизнес те осында келуге дайын».

 

Шетелге қоныс аударатын қазақстандықтар саны артты

Ресми статистикаға сүйенсек, шекара асқандардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде 40 мыңға жуық отандасымыз шетел асқан. Сарапшылардың айтуынша, 2012 жылдан бастап өзге елге қоныс аударатындардың саны көбейген. Сөзімізге дәлел, жарты жылдың ішінде эмигранттардың саны 17 мыңнан асып жығылады. Осы орайда мамандар сауалнама жүргізіп көрген. Шетел асқан қазақстандықтардың көбі екі қолға бір күрек іздеп, нәпақа табуды ойлайды. Өйткені өзге елде жалақы жоғары. Ал енді бірі «болашағым балам» дейді. Сондықтан бөбектерінің шетелдің озық білім ордаларында білім алуын қалайды. Ең қызығы, шекара асатын отандастарымыздың басым бөлігі шығыс Қазақстан мен солтүстік өңірдің тұрғындары. Олар әсіресе, көрші Ресейге қоныс аударады. Екінші орында – Германия. Жарты жылда мың жарымға жуық қазақстандық Берлинге бет алған. Үштікті АҚШ түйіндейді. Арман қуып Америкаға аттанғандардың қатары көбейіп келеді.

Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің мәселесі қашан да өзекті. «Дегенмен жұмыссыздық мәселесі шешімін табуда», – дейді мамандар. Нәтижесі де жоқ емес. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға төмендеген.

 

Қазақстанда жұмыссыз жастардың саны 82 мыңға жеткен

Ресми мәлімет бойынша, жұмыссыз жастардың саны 82 мыңға жуықтайды. Мәселен, екі қолға бір күрек таппай жүрген алматылық жастар алдыңғы орында. Түркістан облысының тұрғындары да жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шеше алмай отыр. Сондай-ақ Қарағанды облысында да жұмыс беру жайы басы ашық күйінде қалмақ. Сарапшылар жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне жалдамалы жұмысшылардың артуы себеп болып отырғанын айтады. Жалпы 5 жылда жұмыссыздық деңгейі 2 есеге дейін төмендеген.

Жастар бөлшек және көтерме сауда, мотоцикл және автокөлік жөндеу, ауыл шаруашылығы саласына қызығушылық танытады. Сонымен қатар білім беру, өндіріс саласына баратындар жоқ емес. Егер сұранысқа ие мамандықтардың үздік бестігін жасайтын болсақ, тізімді құрылысшылар түйіндейді. Елімізде құрылыс саласына тартылған инвестиция көлемі артқан.

 

Құрылыс саласына салынған инвестиция көлемі артты

Құрылыс саласына салынған қаржы көлемі соңғы жылдың өзінде 14 пайызға артқан. Дәлірек айтсақ, 4 миллиард 800 миллион теңге қаржы құйылған. Инвестиция салу бойынша көш басында Атырау облысы. Мұндағы құрылыс секторының басты қаржыландыру көзі – компаниялардың өз қаражаты. Ал Алматыда жартыжылдықта салаға салынған инвестиция көлемі 6 жарым миллиард теңгеге жетті.

Теңге бағамы 

Соңғы сессияда доллардың теңгеге шаққандағы құны 363 теңге 63 тиынды құрады. Қазір ақша айырбастау бекеттерінде бір долларды 364 теңгеге сатып жатыр.

IT-мамандарға сұраныс артты

Азия елдерінде сала мамандарына сұраныс бірден 50 пайызға артқан. Бұл ресми деректі ағылшынның «Роберт Уолтерс» кадрлық агенттігі мәлімдеді. Мамандарды стартап жобаларының авторлары ғана емес, ірі корпорация басшылары да іздейді. Әлемнің белді бизнес холдингтері IT мамандарымен жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Осы ретте сарапшылар уақыт өткен сайын сала мамандарына деген сұраныстың көбейетінін тілге тиек етті. Себебі соңғы уақытта бизнес жаңа технологияларға бет бұра бастады.

 

Бәсекеге қабілетті өңірлердің рейтінгісі

– Форбс бәсекеге қабілетті өңірлердің рейтингісін жасақтады.  Көш басында бас қала – Астана тұр. Ал бұған дейін бірінші орында болған Алматы үшінші орынға сырғыды. Елорда өндіріс және әлеуметтік даму жағынан Алматы қаласын басып озды. Ал Атырау облысы екінші орынға шықты. Қашағандағы мұнай өндіру жұмыстарының артуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартты. Ал Қостанай, Жамбыл, Қызылорда облыстары тізімнің келесі сатысына тұрақтады.

Хабар 24 телеарнасы