Елордада газ құбырын үйге дейін тарту құны арзандады

фото: elorda.info

Елордада газды үйге дейін кіргізіп беру қызметінің құны арзандады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылыс-монтаж жұмыстарының бағасы 200 мың теңгеден 150 мыңға дейін түскен. Бұған не себеп?

Қорған Төреқожа, тілші:

- Қазір бас қалада газды үйге дейін кіргізіп беру қызметімен айналысатын мекемелердің саны елуден асқан. Бәсекелестік болған соң газға қосылу құны да біраз арзандап отыр. Хош. Биыл бас қалада тағы қай тұрғын алаптар көгілдір отынға қосылады?

Елордада газды үйге дейін кіргізіп беру қызметінің құны арзандады. Құрылыс-монтаж жұмыстарының бағасы 200 мың теңгеден 150 мыңға дейін түсті. Атап өтейік, бұл газды тек үйге кіргізіп беру бағасы. Сонымен 2019 жылдың қыркүйегінде басталған бас қаланы газдандыру жобасы аясында былтыр ел астанасында 200-ден аса көшеге газ құбыры тартылды. Бірінші және екінші жылу электр орталықтары көгілдір отынға қосылды. «Теміржол», «Көктал-2» және «Агроқалашық» тұрғын алабының бір бөлігіне газ берілді. Биылғы мамырда «Көктал-1» тамыз айының соңына дейін «Оңтүстік-шығыс», «Өндіріс» және «Агроқалашықтың» қалған бөлігі газға қосылады. Осылайша, бас қаланы газдандырудың бірінші кезеңі аяқталады. Ал, көгілдір отынды тұрғындар үйге қалай кіргізіп ала алады? Түсіндіріп өтейін. Газ құбыры қоршауға дейін келіп тұр делік. Осыдан соң әр тұрғын ұлттық операторға барып көгілдір отынға қосылу туралы техникалық шарт алуы керек. Бұдан соң газды үйге кіргізіп беруге рұқсаты бар компанияға жүгінесіз. Әкімдік мұндай компаниялардың тізімін жасаған. Қазір осы қызметпен айналысатын мекемелердің саны елуден асқан.

***

Қазақстандықтар әр 5 теңгенің 2 теңгесін азық-түлікке жұмсаған

Қазақстандықтар індет өршіген 2020 жылы түрлі тауар үшін 11,6 триллион теңгесін жұмсаған. Мұны Finprom.kz хабарлады. Пандемия кезінде ел тұрғындары әр 5 теңгенің екі теңгесін азық-түлікке жіберген. Карантин енгізілген айларда бірқатар сауда нысаны жабылып қалғаны белгілі. Ал, азық-түлік сататын дүкендердің жұмысы тоқтаған жоқ. Бұл жағдай азыққа деген сұраныстың артқанын көрсетті. Мысалы, жалпы ритейлде азық-түліктің үлесі былтырғы наурызда 37,3%-ті көрсетсе, сәуірде 51,5%-ке жеткен. Бірақ кейін сәл төмендеген. Мамыр-маусым айларында шамамен 40, ал, шілдеде 41,5% деңгейінде болды.

***

Агро салада қандай мамандықтар жойылуы мүмкін?

Азық-түлікті айттық қой. Осы орайда ауыл шаруашылығына тоқталсақ. Біздің елде агро салада алдағы 5 жылда кейбір мамандық жойылып, адам күшін роботтар алмастыруы мүмкін. Осы бағытта Ranking.kz арнайы зерттеу жүргізген. Оның қорытындысы бойынша жаңадан пайда болатын 10 және жойылатын 18 мамандық айқындалған. Сонымен, жаңа мамандықтар қатарына сүт фермаларындағы робототехника, жер және су ресурстарын басқаратын IT-инженер, агроном экономист, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялар бойынша маман және тағы басқалары енген. Ал, 2025 жылға қарай мынадай мамандықтар жойылуы мүмкін. Ең бірінші таңбалаушыға сұраныс төмендейді деген болжам бар. Оның орнына лазермен таңбалайтын құрылғылар келеді. Қаптаушы және бөлшектеп өлшеуші де нарықта болмауы кәдік. Бір ғана робот қаптаушы бірнеше адамның жұмысын атқара алады. Сонымен қатар робот тәулік бойы жұмыс істеуге қауқарлы. Сұрыптаушы немесе іріктеушілерге де сұраныс азаюы кәдік. Роботталған жүйелер өнімді сапасына қарай өздері-ақ сұрыптап бермек. Жүк тасушылар да азаюы ықтимал. Себебі, қазірдің өзінде бұл жұмысты роботтар істеп жатыр. Мұның бәрі болжам. Анығын уақыт көрсетеді. Атап өтейік, былтырғы үшінші тоқсанның көрсеткішіне сәйкес біздің елде ауыл шаруашылығы саласында 1 миллион 200 мың адам еңбек етеді. Бұл елде жұмыспен қамтылған азаматтардың шамамен 14%-і.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Ендігі кезек «Нарықтағы баға» айдарында. Бүгін дезинфекция құны қанша екенін айтамыз.

Сонымен, 30 шаршы метр болатын нысанды дезинфекциялаудың құны Қостанайда 5 мың теңге. Қарағандыда 8 мыңның шамасында. Өскеменде 15 мыңның айналасында. Алматыда 9 мың теңгедей. Шымкентте 8 мың. Ақтауда 30 шаршы метрлік нысанды дезинфекциялау құны 10 мың теңге. Ал, елордада бұл қызмет 20 мың теңге тұрады.

***

Енді валюта бағамына тоқталайық. Ұлттық банктің сайтында АҚШ-тың бір доллары бүгін 421 теңге 98 тиын болып тұр. Еуро 511 теңге 61 тиынға тең. Рубль 5 теңге 61 тиын.