Қазақстанда жыл сайын пәтер кезегінде тұратындар саны 50 мың адамға артады

Жыл сайын Қазақстанда тұрғын үй кезегінде тұратындар саны 50 мыңға артады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал 3 млн-ға жуық адам баспанасын кеңейтуді аңсайды. Осылайша, ипотеканың дәурені жүріп тұрғаны рас. Соңғы жылдары несиелеудің бұл түрі 12%-ке артыпты.

Halyk Research компаниясының зерттеуіне сай елдегі баспана құны бір айда 5%-ке қымбаттапты. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Қазақстанда 2 трлн теңгеден аса ипотекалық қарыз берілген. Былтыр 300 мыңдай сатып алу-сату келісімі жасалыпты. Тұрғын үй алып, қоныс тойын тойлағандар аз емес. Бірақ қазірдің өзінде 550 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Оның 200 мыңдайының табыс мөлшері күнкөріс деңгейінен аз. Әрі жыл сайын кезекте тұрғандардың саны тағы 50 мың адамға көбейеді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Сарапшылардың пайымынша, жеке құрылысшылар мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға ынталы. Былтыр соның арқасында елдегі құрылыс қарқыны 11%-ке артыпты. Жаңа үйлердің 90%-ке ипотекаға сатылған. Бұл ретте мемлекеттен 210 млрд теңге субсидия берілгенін айта кетейік. Құрылыстағы инвестиция үлесі 352 млрд теңгеге жетті. Өсім – 21%. Пәтерді жалға алу да өзекті мәселе. Әсіресе, кірісі төмен отбасылар үшін. Осы жылдың аяғына дейін тұрғын үйді жалға беру ақысының 80%-ін мемлекет тарапынан өтелетін болады. «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаевтың айтуынша, алдымен жеке құрылыс компанияларымен келісім жасалады, кейін үйлердің тізімі дайындалады. Сөйтіп, «Отбасы банкі» тарапынан жалдау ақысының 80%-іне дейін аудырылатын болады.

Ақпан айында облыстарда жылжымайтын мүлік құны 5% артқан. Әсіресе, Ақтаудағы баға соңғы үш жылдан бері алғаш рет 13%-ке өсіпті. Бұл туралы «Крыша.кз» сарапшылары хабарлады. Ең қымбат үйлер қай өңірлерде сатылып жатыр? «Нарықтағы баға» айдарынан білейік.

***

«Нарықтағы баға» айдары

Екінші нарықтағы пәтердің бір шаршы метрі Алматыда 481 500 тг, Нұр-Сұлтандағы орташа баға 363 800 тг, ал Шымкентте 321 200 тг. Петропавлда пәтердің бір шаршы метрі 318 600 тг тұрады. Өскеменде 312 300 тг болса, Қарағандыда 305 000 тг. Ал Атырауда баға 304 000 тг. Оралда 249 000 тг болса, Ақтау 232 700 тг барады.

***

Бағаны өсіру бойынша сөз байласқандар анықталды

Елімізде баға бойынша сөз байласуға жол берілген. Былты және биылғы жылдың басында бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік 9 азық-түлік тауарын өндіруші мен 23 бөлшек сауда өнімдерін жеткізушілер бойынша 15 тергеу жүргізген. Нәтижесінде 10 кәсіпорынның өзара азық-түлік бағасын өсіру бойынша жазбаша және ауызша келісімі анықталды. Бағаның қымбаттауы қарапайым халықты әурелегені рас. Әсіресе, күнбағыс майы, көкөніс, сиыр етінің құны қатты шарықтаған. Ұлттық статистика бюро жыл басынан бері жұмыртқа құнының 10%-ке артқанын айтады. Мамандар бұған құс тұмауының өршуі, жемнің 150%-ке өсуі, сондай-ақ вакциналауға субсидияның берілмеуі себеп деді.

***

107 млн адам кәсібін ауыстырады

2030 жылға дейін Қытай, Үндістан және АҚШ сынды 8 дамыған елдің 100 млн-нан аса жұмысшысы кәсібін ауыстыруға мәжбүр болады. Әсіресе, ақшасы аз төленетін жұмыстар азаяды. Коронадағдарысқа дейінгі жоспарда бұл көрсеткіш 12%-ке аз болатын. Көпшіліктің үйде отырып-ақ жұмыс істеуі халықаралық сарапшыларды осындай ойға қалдырды. Олардың пайымынша, алдағы 20 жылда қоғамдық көліктер, мейрамхана және қала орталығындағы бөлшек саудаға деген сұраныс азаяды. Өйткені онлайн сауда ілгерілейді. Былтырдың өзінде мұндай қызмет түрі 5 есе көбейген.

Нәтижесінде Amazon компаниясы әлем бойынша 400 000 адамды жұмысқа қабылдаған еді. Бүгінде дамыған және дамушы елдердегі халықтың дені қала сыртына көшіп жатыр. «Халықаралық іссапарлар мен шетелдік саяхаттың 20%-і пандемиядаға дейінгі қалпына келмейді», - дейді сарапшылар. 

***

Онлайн қызметке сұраныс артты

Әлем банктері де халыққа офлайн қызмет көрсетуді азайтқан. Бар екпін сандық технологияларға беріліп отыр. Былтыр 30 мемлекетте мобильді банкинг қолданушылары 34% артқан. Ал банкке келушілер саны 12% азайыпты. Сауалнама нәтижесінде жастардың толықтай онлайн қызмет алуды құп көретіні белгілі болған. Әзірге банк қызметкерлерінің 90%-і қалыпты жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ келешекте оның 40%-і инновацияға сай жұмыс істеуі қажет.

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 417, 9 теңге, еуро 506,84 теңге, Ресей рублі 5,60 теңге.