Қазақстанда тұрғын үйлер 20%-ке арзандауы мүмкін

«7-20-25» бағдарламасын  іске асыруға 1 триллион теңге бөлінген, ол қаражат игерілмейінше бағдарлама тоқтатылмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал «Баспана хит» ше?

Жалпы бұл бағдарламаларға қатысты өзгерістер тұрғын үй нарығына қалай әсер етеді?

Кешеден бері «7-20-25», «Баспана хит» бағдарламаларына қатысты өзгерістер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мамандар не дейді? Үй арзандауы мүмкін бе?

«Баспана хит» бағдарламасы жыл соңына дейін тоқтауы мүмкін. Оған белгіленген лимит өз шегіне таяп қалғаны себеп.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша бүгінде шамамен 325 миллиард теңге қарыз берілген. Бұл 27 мыңнан астам қазақстандыққа баспана сатып алуға сеп болды. Бірақ бағдарламаға белгіленген шекті сома 1 триллион теңге. Сондықтан бұл қаражат толық игерілмейінше бағдарлама жұмысы тоқтатылмайды. «Қазақстанның орнықтылық қорының» хабарлауынша, бұл қаржыны игеру 2022 жылға дейін созылуы мүмкін. Ал «Баспана хитке» 600 миллиард теңге бекітілген. Екінші деңгейлі банктер болжамы бойынша бұл сома биыл толық игеріледі. Қордың мәліметінше, қазір екінші деңгейлі банктер «Баспана хит» бағдарламасына ұқсас несие талаптарын әзірледі. «Демек, енді мемлекет тарапынан ипотека нарығының осы сегментін одан әрі ынталандырудың қажеті жоқ» делінген хабарламада.

Мемлекеттік бағдарламар тоқтағаннан кейін тұрғын үйлер 20%-ке арзандайды. Экономист Арман Бейсенбин осындай пікірде. «Егер бұл бағдарламалардың баламасы пайда болмаса, баспана нарығын оң өзгерістер күтіп тұр», - деді сарапшы. Оның айтуынша, тұрғын үй бағасының дағдарысқа қарамастан өсуі дұрыс емес. Қалыпты жағдайда дағдарыс кезеңінде тауарлар арзандайды. Сонымен қатар 2015 жылдан бері тұрғын нарығында баға ұдайы өсіп келеді. Ал халықтың тұтынушылық қабілеті өзгеріссіз қалды. Сондықтан сарапшы мемлекеттік жеңілдетілген несиелердің тоқтауы баспана нарығына жақсы өзгерістер әкелетініне сенімді.

Цитата:

- Бұл бағдарламаларды әлдеқашан тоқтату керек еді. Олар нарықтағы жағдайға, әсіресе, бағаның қалыптасуына қатты ықпал етті. Тұрғын үйлердің құны халықтың жағдайына, сатып алу қабілетіне сәйкес келмейді. Бағаларды тым қатты өсіріп жіберген. Сондықтан «7-20-25» және «Баспана хит» мемлекеттік бағдарламалары тоқтағаннан кейін баспана бағасы біртіндеп арзандайды деп ойлаймын. Ал банктер арасында бәсекелестік артады.

Бұдан бөлек, «егер банктер өз ипотекалық бағдарламаларын ұсына бастаса, ставкалар бірден өседі. Өйткені олар мемлекеттік бағдарламалардың жоқтығын ескеріп ұсыныс әзірлейді. Қарыз алушыларға қойылатын талап қатал болады. Банк несие алғысы келетіндерді мұқият таңдайды. Қаржы ұйымдарының арасында проценттік мөлшерлемелер үшін бәсекелестік те пайда болмақ», - деді Арман Бейсембаев.

***

Жарты миллионнан астам қазақстандық басшы және мемлекеттік қызметкер болып істейді. Сауда саласында да осынша адам еңбектенеді. Ал еліміздегі 1,5 миллион жұмысшының арнайы біліктілігі жоқ болып шықты. Ұлттық статистика бюросы салалық мамандардың санын жариялап, еңбек нарығындағы өзгерістерге шолу жасады. Сонымен, басшылар және мемелкеттік қызметкерлер бір жылда 10%-ке азайған. Ал тазалаушы, қызметшілер саны 19%-ке қысқарыпты. Статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2 миллион кәсіби маман бар. Оның ішінде ең көбі білім және бизнес саласында жұмыс істейді. Ғылым мен техниканы меңгерген қызметкерлер 10%-ке көбейген. Ал гуманитарлық, құқық және мәдениет саласындағылардың саны бір жылда 11% азайған. Былтырдан бері Қазақстанда техниктер, орта білікті медицина мамандары саны 14%-ға дейін өсті.

Сөз соңында валюта бағамына тоқталайық. Отандық қаржы нарығындағы сауда-саттық нәтижесі бойынша доллар 429 теңге  21 тиын, еуро 522 теңге 99 тиын, рубль 5 теңге 83 тиын.