Әлем бойынша 43 мемлекетте баспана қымбаттады

Өткен айда еліміздегі жаңа үйлер 3%-ке қымбаттады.

Шаршы метр үшін орташа баға 335 мың теңгеден асқан. Ал әлемдегі ахуал қандай?

Пандемияға қарамастан әлемде баспанаға сұраныс азайған жоқ. Баға да арзан емес.

Әлемде баспана құны шарықтап тұр. Жылжымайтын мүлік бойынша сарапшылар жүргізген зерттеуге сай бір жылда 43 мемлекетте қымбатшылық тіркелген. Тағы он үшінде баға құбылды. Мысалы Түркиядағы үйлер жыл басынан бері 14%-ке қымбаттады. Соған қарамастан сұраныс азаймаған. Лира әлсірегеннен кейін шетелдіктердің қызығушылығы еселенді. Ал АҚШ-та бірінші тоқсанда баға 11%-ке қымбаттады. Экономика реттелгелі елде бір отбасыға арналған үйлер сатылымы 49%-ке өскен. Германиядағы тұрғын үйлердің құны 10%-ке артты. Соңғы алты жылда елде баспана сатылымы көбейген. Себебі мұнда пайыздық мөлшерлеме едәуір төмен. Ал Ұлыбританиядағы баға 6%-ке қымбаттады. Десе де, сатып алу-сату келісімдері 55%-ке артыпты. Пандемия тұсында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі баспана нарығы тұрақталып келеді. Баға 0,48%-ке арзандаған. 

Түркия – 14%-ке;

АҚШ – 11%-ке;

Германия – 10%-ке;

Ұлыбритания – 6%-ке қымбаттаса;

БАӘ – 0,48%-ке арзандаған.

***

Жыл басынан бері елімізде 173 мыңға жуық азамат зейнетақы төлемдерін алған

Жыл басынан бері елімізде 173 мыңға жуық азамат тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін «ЕНПФ ОТБАСЫ КЗ» платформасы арқылы 1 трлн 70 млрд теңге зейнетақы төлемін пайдаланған. Оның 54 мыңы әйелдер. 118 800-і ер адам. Белсенді өңірлер үштігіне Маңғыстау, Нұр-Сұлтан Алматы кіреді. Соңғысында 23 мың адамға 184 млрд теңге аударылды. Тағы 33 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жинағы есебінен «Отбасы банктегі» берешегін өтеген.

Жанар Жолтаева, «Отбасы банк» АҚ баспасөз хатшысы:

- Біржолғы зейнетақы төлемдерін қолдану бойынша бірінші орында бізде Маңғыстау облысының тұрғындары тұр. 30 мыңнан астам адам. Олар жалпы сомасы 291 млрд теңгені пайдаланып үлгерген. Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласы – 27 мыңнан аса тұрғын. Елорда тұрғындары 172 млрд теңгені қолданып үлгеріпті.

***

Сауд Арабиясы мұнай өндіруші ел болмауы мүмкін

2030 жылға қарай Сауд Арабиясы энергияның тең жартысын қайта жаңғыртылатын қуат көздерінен алмақ. Мемлекет салада көш бастауға ұмтылмақшы. Елдің энергетика министрі Ханзада Абдулазиз бен Салман бұған әлеуетіміз жетеді дейді. Бұдан кейін Сауд Арабиясын мұнай өндіруші елдер қатарына жатқызбауымыз мүмкін. Бірақ өндіріс қарқыны бәсеңдемейді. Алдағы 10 жылда қара алтын негізгі қуат көзі болып қала бермек. Ал шілдеде мемлекет бірқатар тұтынушы елдер үшін мұнай бағасын арттырмақ. Сөйтіп, Arab Light баррелі 0,2 долларға қымбаттап, екі долларға сатылатын болады. Солтүстік-Батыс Еуропа үшін 1,5, Жерорта теңізіне 1,1 доллар белгіленген. Тек АҚШ тұтынушылары үшін бұрынғы баға сақталатын болады.

***

Индонезия көмірден бас тартпақшы

Индонезия да климатты жақсартуға ден қоймақшы. Ол үшін алдағы он жылда көмірден бас тарту қажет болады. Әзірге жартылай. Ал қайта жаңғыртылатын энергия көздерін игеру 48%-ке жеткізіледі. Бұл алдыңғы жоспардан 18%-ке көп. Қазір мұндағы негізгі қуат көзі көмір. Мемлекет барлық жылу электр орталығын қайта жабдықтап жатыр. Ал 40 жылдан кейін олар түгел жабылады. 

***

Енді еліміздегі валюта бағамына тоқталайық. Доллар 426,81 теңге, еуро 518,96 теңге, Ресей рублі 5,86 теңгеге тең.