Елордада жұмысшылар жетіспейді

Елорданың еңбек нарығында 8 мыңнан астам бос жұмыс орны бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалалық кәсіпкерлер палатасының жүргізген зерттеуі осындай нәтиже берді.

Қазір елде жұмыссыздық деңгейі өсіп барады. Ал елордада жұмысшылар жетіспейді. Бұл қалай сонда?

Иә, бұл таңқаларлық жағдай. Жастар екі қолға бір күрек таппай жүр, ал кәсіпорындар жұмысшыға мұқтаж. Себебін сәлден кейін айтамыз.

***

Елордада 8 мың жұмысшы жетпейді

Елордада құрылыс саласының қызметкерлері мен инженерлік-техникалық мамандар тапшы. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі Бейсен Жолболдиев мәлімдеді. Олар арнайы сауалнама жүргізген. Оған 100 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейтін 3300 кәсіпорын қатысты. Нәтижесінде әртүрлі салада еңбекке жарамды 8300 адам керек екені анықталды. Келер жылы тағы 2,5 мыңдай, 2023 жылы 2200 жаңа жұмыс орны ашылады. Маман тапшылығының басты себебі – карантинге байланысты шекаралардың жабылуы. Өйткені шет елден келетін арзан жұмыс күші жоқ. Білікті мамандар да тапшы. Мәселен құрылыстан бөлек, сауда орындарында 300 касса қызметкері мен сауда кеңесшісі жетіспейді. Кәсіпорындар амалсыз тәжірибесі жоқ жұмысшыларды алуға мәжбүр. Әрі еңбекақыны да жоғары төлейді. Бұл өнімнің сапасы мен бағасына тікелей әсер етеді.

Бейсен Жолболдиев, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Қазір кемінде 100 мың теңгеден төмен айлық жоқ шығар. Соның өзінде көптеген жас мамандар бармайды оған. Оларға әрине, жоғары жалақылы, аз жұмыс жасайтын мамандар қажет. Әрине, ол мүмкін емес. Бастапқы кезде олар өз біліктіліктерін сапасын көрсете білу керек. Одан кейін жалақылары да көбейеді. Біз осы сапасыз жұмысшыларды ала беретін болсақ, даярламайтын болсақ, арнайы біздің салып жатқан үйлердің, олардың істеп жатқан жұмыстары сапасыз болады.

Кейінгі бір аптада елдегі цемент шығаратын зауыттардан 30 мың тонна дайын өнім тиелді. Бірақ темір жолдағы кептеліске байланысты 400 вагон діттеген жеріне жете алмай тұр. Бұл нарықта сұранысты арттырып, бағаның көтерілуіне әкеліп жатыр. Елдегі цемент пен бетон өндірушілер қауымдастығының басшысы Ербол Ақынбаев осылай дейді. Оның айтуынша, тауар жолда 5-6 күн тұрып қалады. Оның үстіне жүк таситын вагондар тапшы. Әйтпесе, зауыттар қажетті көлемде цемент өндіре алар еді. Мәселен биыл отандық кәсіпорындар 3 миллион 200 мың тонна өнім шығарды. Бұл былтырғыға қарағанда 23%-ке көп. Желтоқсанға дейін өндірісті 11,5 миллион тоннаға жеткізіп, рекорд жасауға да болады. Ол үшін тасымал мәселесін шешу керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл халықаралық темір жол желілерінің қызметі 42%-ке қымбаттады. Ал зауыттар өнім бағасын 5%-ке өсірген.

***

Кинотеатрлардың табысы үш есе азайды

Карантин шектеулерінің кесірінен елдегі кинотеатрлардың табысы 3,5 есе кеміді. Былтыр бұл саладағы кәсіпкерлер 6 миллиард теңге шамасында пайда тапқан еді. Оның жартысына жуығы Алматы қаласының үлесінде. Бір миллиардтан астамы Нұр-Сұлтанға тиесілі. Мұндай мәліметті «Ранкинг.кз» басылымы жариялады. Ақпаратқа қарағанда, былтыр қазақстандық кинотеатрлар 300 мың киносеанс өткізді. 2019 жылмен салыстырғанда үш есе кем. Шет елдік киноны көрсетуден түскен табыс бес есе кеміді. Ал отандық туындыларды көрсетуден екі миллиард теңге пайда тапты. Мұның өзі алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе аз.

***

Әлемде мұнай қымбаттады

Әлем нарығында мұнай қымбаттады. Нью-Йорктің тауар биржасында WTI маркалы қара алтын 70 АҚШ долларына саудаланды. Кеше 68 долларға дейін төмендеген еді. Оған АҚШ-та бензин қорының көбеюі туралы ақпарат әсер еткен. Ал «Брент» марасының тамызда жеткізілетін фьючерстерінің баррелі 72 доллар 52 центке бағаланды. Бұл 2019 жылдың мамырынан бергі рекордты көрсеткіш. Сарапшылар бағаның қайта көтерілуіне бірнеше себепті айтады. Соның бірі ОПЕК ұйымына мүше елдердің шешімі. Олар ай сайынғы есебінде болашаққа жасаған болжамын өзгеріссіз қалдырды. Яғни, қара алтынға сұраныс біртіндеп арта береді. Сондай-ақ бағаға АҚШ билігінің Иранның мұнай-газ саласындағы бірнеше компания мен ресми өкілдерінен санкцияны алып тастау туралы шешімі де оң әсер еткен.

Енді валюта бағамына тоқталайық. Бүгін Қазақстан қор биржасында АҚШ-тың бір доллары 427 теңге 53 тиын деп белгіленді. Еуро 520 теңге 9 тиын. Ал Ресей рублі 5 теңге 92 тиынға тең.