Бүкіл әлемдегі криптовалютаның 8,2%-і Қазақстанда өндіріледі

Былтыр ғана 3,5% еді. Яғни, айналдырған 7-8 айда екі еседен асты.

Қазір цифрлы валютаны жасаудан біздің ел үшінші орында тұр. Қарқынды өсімге не себеп болды? Криптовалюта жасау ел экономикасына тиімді ме?

Әлем бойынша биткойн өндіруде Қытай көш бастап тұр. Былтыр дүниежүзінде жасалған криптовалютаның 70%-тен астамы осы елде өндірілген. Алайда биыл шығыстағы көршілер бұл кәсіптен бас тарта бастады. Яғни майнинг фермаларға талапты күшейтті. Нәтижесінде цифрлы валюта жасаудағы үлесі биыл 46%-ке төмендеді. Есесіне АҚШ пен Қазақстанда криптовалюта майнингі қарқынды дамыды. АҚШ-та 3,4%-тен 16,8%-ке жетті. Қазақстанда 3,5%-тен 8,2%-ке көбейген. Оның үстіне бізде майнинг саласын дамыту үшін криптовалюта өндіруші фермаларға салық салынатын болды. Оны төлеу қаңтардан бастап міндеттеледі.

Әлімжан Береке, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің басқарма басшысы:

- 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап майнерлік фермалар бір киловатт-сағат электр энергиясы үшін 1 теңге көлемінде салық төлеуге міндетті. Есеп бойынша бұл салықтан ел бюджетіне жыл сайын 5 миллиард теңге қосымша кіріс кіреді. Бірақ өкінішке қарай, қазір бізде криптоиндустрия жасырын жұмыс істеп жатыр. Өндірілген криптовалютаны айналымға қосу жағы қарастырылмаған. Сондықтан өндірушіер шет елдің нарығында сатады. Сәйкесінше, біз салықтан қағылып отырмыз.

***

Елде криптовалюта жасайтын 30 ірі ферма бар

Бейресми мәліметке қарағанда қазір елде криптовалюта майнингімен айналысатын 30 ірі ферма бар. Олар биткоин жасау үшін шамамен сағатына 450 мегаватт электр энергиясын пайдаланады. Жасырын жұмыс істейтін ұсақ фермалардың саны одан да көп болуы мүмкін. Барлығын тіркеуге алу үшін Цифрлық даму инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Астана халықаралық қаржы орталығымен бірлесіп, криптовалютаны айналымға қосу жүйесін қарастырып жатыр. Егер жүзеге асса, көлеңкелі бизнес азайып, салық түсімдері артады деп санайды. Сондай-ақ ірі маининг компанияларымен бірлесіп, биыл елге 14 милилард теңге инвестиция тартуды жоспарлаған. Қазірдің өзінде 7 миллиардтайы құйылды. Жыл соңына дейін қалғанын жүзеге асырмақ ниетте.

***

Криптовалюта жасауға 91ТВт сағат электр қуаты жұмсалады

Биткоин жасап байып кету жақсы, әрине. Бірақ оның өндірісі артқан сайын электр энергиясына сұраныс көбейеді. Өйткені криптовалюта компютерлердің көмегімен жасалады. Bioomberg агенттігінің хабарлауынша, әлемдегі майнинг компаниялдар өткен бір жылда 67 тераватт сағат энергия пайдаланды. Ал биыл осынша энергияны сегіз айда жұмсап тастаған. Сарапшылар бұлай жалғаса берсе, жыл соңына дейін әлемде 91 теравтт сағат электр энергиясы тек қана биткоин жасауға жұмсалуы мүмкін дейді. Бұл Пәкістан Республикасының жылдық сұранысымен тең. Осы тұста айта кету керек, Қазақстандағы электр энергиясының 70%-тейі көмірден, 20%-тен астамы газдан алынады. Яғни, ауаға бөлінетін көмірқышқыл газ көп. Ал Еуроодақ елдері келер жылдан бастап көміртек салығын енгізбек. Бұл Кәрі құрылыққа тауар экспорттайтын компаниялардың табысына да, ел экономикасына да кері әсер етуі мүмкін.

***

Әлемдегі ең дәулетті әулеттердің тізімі жарияланды

Әлемдегі ең дәулетті 25 әулеттің тізімі жасалды. Кейінгі бір жылда олар басқаратын компаниялардың табысы 22%-ке артты. Тізімді Bloomberg агенттігі жасаған. Оған сай бай әулеттердің көшін Walmart супермаркеттер желісін басқаратын Уолтон әулеті бастап тұр. Олардың байлығы 238 миллиард долларға тең. Екінші орында Mars корпорациясының иесі – Марс әулеті. Отбасының активтері 142 миллиард АҚШ долларына жуықтайды. Үштікке Кох жанұясы кіреді. Koch Industries компаниясын басқаратын отбасы 124,5 миллиард долларға ие. Компаниялары негізінен мұнай-химия саласында жұмыс істейді. Сондай-ақ дәулетті әулеттердің тізімінде Аль Сауд, Hermes және Chanel сән үйінің иелері мен Thomson Reuters ақпараттық агенттігінің басшылары бар. Бұған дейін Bloomberg агенттігі ең ауқатты адамдардың тізімін жариялаған болатын. Үштікке Илон Маск, Джефф Безос және Бернар Арно кіреді.