Шекарадағы жүк: Қазақстан мен Қытай келісімге келді

Қытай Қазақстаннан келетін пойыздарды шекарадан көбірек өткізетін болды. Екі ел шекарасындағы бүгінгі жағдайға байланысты өткен онлайн кеңесте осындай келісімге қол жеткізілді.

Жиынға қос тараптың осы саладағы ұлттық компаниялары мен ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты. Оның аясында Қытай жағы Қазақстанға импорттық контейнерлерді жөнелтуді тездетуге ниет танытты. Біраздан бері екі ортада тұралап қалған жүктердің тең жарымы айдың аяғына дейін межелі жерге жіберіледі, делінген Қазақстан темір жолы таратқан хабарламада. Компания мәселені шешу үшін барлық шара жасалып жатқанын, оны Үкімет өз бақылауына алғанын атап өтті. Осыған дейін Асқар Мамин мемлекеттер арасында автомобиль және теміржол арқылы жүк тасымалдауда кедергі барын айтып, Қытай премьері Ли Кэцянның атына хат жолдаған болатын.

Доллар бағамы көтерілді

Қазақстан қор биржасы ұлттық валюта 1 теңге 55 тиынға әлсіреп, АҚШ ақшасы 427 теңге, 59 тиынға жеткенін  хабарлады. Курсив басылымының мәліметі бойынша, елордадағы  валюта айырбастау пункттері долларды қазір 426 теңге 6 тиынға сатып жатыр. Ал сатып алу құны  427 теңге 8 тиынға тең.

Әлемде алтын қымбаттады  

Әлемде алтынның да бағасы өсті. Лондон банкаралық бағалы металдар нарығында унциясы 1795 доллардан асты. Ал Нью Йорктегі сауда-саттық нәтижесінде оның құны 1793 долларға жетіп тоқтады. Қазақстанда алтынның бір грамына 24 мың 675 теңге шамасында баға белгіленген.