Елімізде тыңайтқыш өндірісіне не кедергі

Биыл елімізде минералды тыңайтқыш алу үшін 2,8 млрд теңге субсидия бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бірақ шаруалар биылғы науқаннан қиналып шықты. Отандық өнім жетпейді. Сырттан келетіні тым қымбат. Бұл туралы егіншілер одағының төрағасы Виктор Асланов мәлімдеді. Жалпы бұл мәселе өзге де елдерде өзекті. Биыл әлемдегі тыңайтқыш 80 процентке қымбаттады. Топырақ құнарын арттыратын қоспаның аздығы шаруаларды әбден тығырыққа тіреді. Қазақстан егіншілер одағының төрағасы жазда отандық тыңайтқыш жеткілікті болғанын айтады. Алайда сатылым күрт тоқтаған. Маман өнімді сыртқа шығару тиімдірек болғанын болжайды. Қазақстан ғана емес, жаһан халқы осы мәселемен бетпе-бет келді.

«Би-би-си» арнасына берген сұхбатында норвегиялық белді компания басшысы Свейн Торе Холсетер әлі де алаңдауға негіз барын ескертті. Өйткені тыңайтқыштың жетіспеушілігі кедей елдерді аш қалдыруы мүмкін. Қоспаға қолданылатын аммиак шығару үшін көгілдір отын керек. Оның құны шарықтап кетті. Нәтижесінде өндіріс көлемі едәуір азайды. Сапалы тыңайтқыштың 1 тоннасы 1000 долларға жетті. Бұл шаруалардың мол өнім алуына кедергі. Демек кедей мемлекеттерге азық-түлік жетпей қалуы мүмкін. Мамандар «бидай, рапс, жүгерінің бітік шығуы үшін сапалы тыңайтқыш аса қажет» дейді. Осылайша олар әлемдік азық-түлік бағдарламасы гуманитарлық ұйымына аштықтың алдын алуға қамдануды ескертті. 

КҮНБАҒЫСҚА СҰРАНЫС АРТАДЫ

Еліміздегі күнбағыс түсімі былтырғыдан молырақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі таратқан дерекке сүйенсек, 944 мың тоннасы орылады. «Қазақстан май-тоң май одағы» қауымдастығының президенті Константин Невзоровтың айтуынша, қазір шикізаттың бір тоннасы 260 мың теңгеге барады. Былтыр 100 мың теңгеге арзанырақ еді. Бұдан бөлек қазақстандық майды тұтынатын елдер қатары артпақ. Себебі Ресей дақыл тасымалына салық салды. Демек күнбағыс елімізде ғана емес, күллі Орталық Азияда қымбаттайды, - дейді мамандар.

ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДЫҢ ТЫҢ ЖОЛЫ

Ал Таиланд билігі туристер үшін сандық токендер шығармақ. Осылайша бай-қуатты саяхатшылардың арқасында елдегі туристік ахуалды реттеу көзделген. Мемлекет шекарасын бір жылдай ашпай, 80 млрд доллар кірістен қағылды. Енді туристік басқарма басшысы Ютасак Супасорн ұлттық реттеуші және жергілікті криптобиржамен келісім жасап жатыр. Ол сандық ақша қолданушыларға игі жағдай жасаймыз деп сендірді. Тіпті келесі жылы мемлекет жеке криптовалюта шығаруы мүмкін. Жоспар сәтті жүзеге ашса, алдағы туристік маусымда Таиланд 1 млн бай-манапты қабылдамақшы.

TESLA НЕМІС БИЛІГІНІҢ ҚОЛДАУЫНАН БАС ТАРТТЫ

Tesla компаниясы субсидияға зәру емес. Илон Маск Берлин жанынан бой көтеретін аккумулятор зауытына мемлекеттен ешқандай қолдау сұралмайтынын жеткізді. Ал бұған дейін берілген өтініш қайтарып алынды.

Файнэншл Таймс хабарлағандай, Еуроодақ жыл басында Қытай импортына тәуелділікті азайту үшін бірқатар авто концернге көмек беруге келіскен. Оның 1,14 млрд еуросы Tesla-ға тиесілі болған. Енді Маск командасы 5 млрд еуро инвестиция құйып, алып өндіріс орнын өзі-ақ көтеріп бермек. Бірақ көлік шығаруға үкімет қолғабыс ете береді.