Жұмыс орны үшін енді адам мен техника таласады

2021 жылдың үш тоқсанында елде 8 мың 700 адам қысқартуға ұшырады. Сондай-ақ кәсіпорындар жұмысының тоқтатылуына байланысты 3 мың 600 адам босап қалды. Енді оларды жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілмек? 

Былтыр қысқартуға ұшырағандардың 22 проценті көлік және қойма саласында еңбек еткен. 13 проценті көтерме және бөлшек сауда да, 12 проценті әкімшілік басқару немесе көмекші мамандар болған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне қарағанда Қазақстандағы жұмыс орындарының тең жартысын автоматтандыруға болады. Яғни жұмыс күшін цифрлық технологияғалар алмастыруы мүмкін. Егер олай болса екі қолға бір күрек таппай қалатындардың қарасы қалыңдай түсуі ғажап емес. Осының алдын алу үшін Еңбек, халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар жасады. Соның аясында биылдан бастап электронды еңбек биржасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуға жағдай жасалмақ. Қазір 100 түрлі оқу курсы қолжетімді. Оның 58-і тегін жүргізіледі. Бұған қоса жұмыссыз адамды еңбек биржасы бойынша қабылдаған кәсіпорындарға маманның жарты айлығы мемлекет тарапынан бір жыл бойы субсидияланады.

ЕЛДІҢ БАТЫСЫНДА ЕТ ПЕН СҮТ ӨНДІРІСІ АРТАДЫ 

Елдің батыс өңірлерінде ет және сүт өндірісі артады. Бұл осы аймақтағы төрт облысты түлетуге арналған кешенді жоспар аясында жүзеге аспақ. Құжат 4 жылға арналған. Ондағы іс-шараларды жүзеге асыру үшін 15,3 триллион теңге қажет. Оның 1,7 триллионы республикалық бюджеттен бөлінеді. Қалған 13 триллиондайын жеке инвесторлардан тарту көзделген. Кешенді жоспар аясында Ақтөбе облысында жалпы құны 32 миллиард теңге болатын құс фабрикасы бой көтереді. 2 мың ірі қараға арналған екі бордақылау алаңы және 800 бас сиырға арналған сүт фермасы салынбақ. Осылайша 2025 жылға қарай өңірдің жапы ішкі өніміндегі ауылшаруашылығы өнімдерінің үлесі 37 процентке көтеріледі. Ал Батыс Қазақстан облысында 25 бордақылау алаңы, 10 сүт өнімдерін шығаратын ферма салынады. Бұған қоса суырмалы егіс алқабының көлемі 6 мың 600 гектардан 50 мың гектарға дейін көбейтіледі. Атырауда да алты жылыжай, бес мал бордақылау алаңы, 3 құс фабрикасы және балық өсіретін 7 тоған шаруашылығы және сүт өңдеу цехтары құрылады. Маңғыстау облысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Егер алға қойған осы меже ойдағыдай жүзеге асса, төрт жыл ішінде елдің батысындағы төрт өңірде 175 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

ELECTROCAR ҚУАТТАУ ЖАНАРМАЙ ҚҰЙҒАННАН ҚЫМБАТ

Электрокарды қуаттау жанармай құйғаннан қымбатқа шығады. Өйткені қазір әлемде көміртек өнімдері шарықтап тұр. Сәйкесінше электр энергиясының құны да көтеріле бермек. Бұл электрокар шығаратындардың жарқын жобасына кесірін тигізеді. Мәселен Ұлыбританияда бір килватт сағат электр тоғының құны екі долларға жуықтайды. Яғни бір көлікті толық қуаттауға 60 киловат сағат электр энергиясы қажет. Оның құны 102 доллар болады. Толық қуатты аккумулятормен көлік 280-320 шақырым жүре алады. Яғни 100 шақырым жүру үшін 33 доллар төлейсіз. Ал жанармай құйсаңыз 11 доллар шамасында болады. Салыстырмалы түрде қарасақ электр қуаты 3 еседей қымбат. Тиімсіз көлікке сұраныс та төмен болары сөзсіз. Сарапшылар энергетикалық дағдарыс жойылғанның өзінде электрокар шығаратындарға тағы бір негізгі мәселе бар екенін айтады. Болжам бойынша 2030 жылға қарай әлемде аккумулятор батареясын шағаратын шикізат тапшылығы туындауы мүмкін.