Елордада қаңтарда баспана саудасы 40%-ке қысқарды

Бас қаладағы жекеменшік риелторлық компаниялардың бірі осындай ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы мамандардың айтуынша, сауданың азаюына бірнеше фактор әсер еткен. Бұл елде енгізілген Төтенше жағдай және интернеттің жүйелі жұмыс істемеуінен. Бірақ жалпы әр жылдың қаңтар айы тұрғын үй нарығындағы тыныш кезеңдердің бірі болып саналады. Ал одан кейінгі айларда әдетте пәтерлерлер қымбаттайты. Дегенмен биыл жағдай өзгеше өрбіді.

Риелторлардың айтуынша, 2021 жылдың желтоқсанында баспана құны күрт қымбаттағандықтан, қаңтарда айтарлықтай өсім болған жоқ.

«ОТБАСЫ БАНК» ТАҒЫ БІР ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ИПОТЕКА ШЫҒАРАДЫ

Елімізде тағы бір жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама пайда болады.  «Отбасы банк» моноқалалардың тұрғындары үшін осындай жоба әзірлеп жатыр.  Бұл туралы Үкімет отырысында «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов хабарлады. Оның айтуынша, жаңа бағдарламада бастапқы жарна  – 10%, сыйақы мөлшерлемесі 5%-ке дейін, ал кредит мерзімі – 20 жылға дейін болады. Бағдарлама  2022 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылып, 2025 жылға дейін іске асырылады деп жоспарланған.  Ол үшін республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 11 млрд теңге бөлу қажет.

Еске салайық, былтыр ипотеканың қол жетімділігі бойынша жаһандық рейтингінде Қазақстан 111 елдің ішінде 71 орында алған. Numbeo талдаушыларының деректері, біздің елде ипотеканың қолжетімділік индексі небәрі 0,7% екенін көрсетті.

АЗИЯ ЭКОНОМИКАСЫ ЕКІ ЖЫЛДА ҚАЛПЫНА КЕЛЕДІ САРАПШЫЛАР

Алдағы екі жылда Азияның экономикасы Еуропа мен АҚШ-қа қарағанда қарқынды өседі. Morgan Stanley сарапшылары осылай деді. Мамандардың айтуынша, бұл өндіріс көлемінің артуы есебінен іске асады. Болжамға сай, келер жылы Азияның жалпы ішкі өнімі  39 трлн долларға дейін өседі. «Нәтижесінде ол Америка мен Еуропа экономикасының көлемінен асып түседі», – дейді сарапшылар. Былтырдың өзінде «басқа экономикалар мемлекеттен ынталандыруға сеніп отырғанда, Азия экономикасын қалпына келтіруге экспорттың күрт өсуі әсер еткен. Алдағы уақытта Азия сыртқы сұраныс есебінен мол пайда табады» делінген болжамда.

ЭКСПОРТТЫҢ 59%-і ШИКІ МҰНАЙ

Былтыр  Қазақстан шетелге 52 млрд доллардың шикізат өнімін экспорттаған.  Бұл 2020 жылдың көрсеткіштерінен 28%-ке көп. Соның ішінде 65 миллион тоннадан астам шикі мұнай сыртқа сатылған. «FINANCEkaz» телеграмм арнасындағы ақпаратқа сай экспортталған қара алтын құны 31 миллиард долларды құрады. Сарапшылардың айтуынша, экспорттың 80%-тен астамы шикізат тауарларына тиесілі.

Айта кетейік, әлемдік мұнай бағасы жыл басынан бері 17 процентке дейін өсіп, барреліне 90 долларға дейін жетті.

БИТКОИН БАҒАМЫ 39 МЫҢ ДОЛЛАРДАН АСТЫ

Криптовалюта 2,7%-ке қымбаттады, ал оның капитализациясы 726 млрд долларға жетті. «Binance криптобиржасындағы биткоиннің бағасы 39 мың доллардан асты». Осылайша, криптовалюта 24 қаңтардан бергі құлдыраудан кейін қалпына келе бастады. Өткен аптада оның бағасы 32 мың долларға дейін төмендеген еді. Одан бері биткоин бағасы 17 процентке көтерілді. Сарапшылардың айтуынша, биткоин бағасы АҚШ қор биржасымен тығыз байланысты. Сондықтан егер АҚШ қор биржасы қалпына келсе, биткоин құны да өседі.