Елдегі екі ірі компанияның акциялары IPO арқылы сатылады

Жыл соңына дейін елдегі екі ірі компанияның акциялары халықтық IPO арқылы сатылады. Бұл қандай компаниялар? Акцияларды қалай сатып алуға болады? Бағасы қанша?

Биыл ҚазМұнайГаз және Эйр Астана компанияларының акциялары халықтық IPO арқылы сатылымға шығады. Бұл нарықта мемлекеттің үлесін азайтып, компаниялардың ашықтығын қамтамасыз етпек. Осы мақсатта үкімет жекешелендірудің кешенді жоспарын бекіткен. Акция сатылымынан түскен қаржы бірнеше мақсатқа жұмсалуы мүмкін. Ең бірінші - ұлттық қорды толықтыру немесе компаниялардың жұмысын жетілдіретін жобаларға бағыттау көзделген. Ал акциялардың бағасы әзірге белгісіз. Оны қор биржасындағы сауда-саттық нәтижелерін саралай отырып, үкімет белгілейді.

Айта кетейік, Қазақстанда IPO алғаш рет тоқсаныншы жылдары өткізілді. Одан кейін 2012 және 2016 жылдары ұлттық компаниялардың акциялары жұртқа сатылған еді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жолғы науқанның өзіндік ерекшелігі бар. Яғни бұған дейінгі IPO-да компания акциялары тек жергілікті тұрғындарға ғана қолжетімді болды. Ал биыл отандық биржамен қатар шет елдің нарықтарында да сатылады. Бірақ заң талаптарына сай, IPO-ға шығатын акциялардың кемінде 20 процентін жергілікті инвесторлар алуы тиіс.

Ернар Жаңаділ, «Самұрық-Қазына» АҚ жекешелендіру және дамыту бойынша директоры:

 – Қор Эйр Астана мен ҚазМұнайГаздың компанияларын IPO-ға шығаруға дайындық екі үш жыл бұрын басталды. Бірақ коронавирус пандемиясы әуе қатынастарына кері әсерін тигізді. Сондықтан кейінге шегеруге тура келді. Себебі ол кезде көптеген әуе компаниялар шығынға ұшырап жатты. ҚазМұнайГаздың да жағдайы соған ұқсас. 2020 жылы мұнай бірден арзандап кетті. Сондай қиын кезде акцияларды сату ақылға қонымсыз. Қазір қор да, компания қызметкерлері де жекешелендіру науқанына қызу дайындық үстінде.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ШЕТ ЕЛДЕРГЕ $1,5МЛРД ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЙДЫ

Былтыр 9 айда қазақстандық инвесторлар шет елдерге 1,5 миллиард доллар қаржы құйды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 36 процентке көп. Оның 1 миллиарды шет елдердің қаржы салаларына, сақтандыру компанияларына берілген. Одан кейін ғылыми техникалық сала, үй шаруашылығы, құрылыс және тасымалдау салаларына жұмсалған. Енді отандық инвесторлар қай елдің нарығына қаржы жұмсады дегенге тоқталсақ. Көш басында Кайман аралдары тұр. Жалпы соманың жартысына жуығы Ұлыбританияға тиесілі осы офшорлық аралда айналымға қосылған. Одан кейін Ресей Федерациясы, 253 миллион доллар. Үштікті тағы да офшорлық Сейшел аралдары түйіндеп тұр.

Айта кетейік, ел президенті елден заңсыз шығарылған қаржыны қайтаруға ниетті екенін жеткізді. Осы мақсатта үкіметке екі ай ішінде арнайы жоба әзірлеуді тапсырды.

ҚАҢТАРДА ИНФЛЯЦИЯ 0,7% ДЕҢГЕЙІНДЕ БОЛДЫ

Қаңтарда елде инфляция 0,7 процент деңгейінде болды. Жылдық өсім қарқыны 8 жарым процент. Ұлттық банктің мәліметіне қарағанда, қаңтарда ұн өнімдері, жарма, жеміс пен көкөніс аздап қымбаттаған. Азық-түлік емес тауарлардың ішінде импортталатын дәрі-дәрмек және көлік бағасы көтерілді. Жанармайдың арзандауына байланысты кей тауарлардың бағасы тұрақталған. Жылдың алғашқы айында ақылы қызметтердің инфляциясы 6,8 процент болды. Оған пәтер жалдау ақысы мен амбулаториялық қызметтің қымбаттауы әсер еткен. Сондай-ақ былтыр бидай шығымының жылдағыдан аз болғаны белгілі. Бұл мал азығының тапшылығына әсер етті. Осыған байланысты қаңтарда ет пен сүттің бағасы да өскен. Тек тауық жұмыртқасы ғана арзандады.

ЕУРОПАЛЫҚ БАНКТЕР МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНА ҚОЛДАУДЫ КӨБЕЙТТІ

Еуропалық банктер бір жыл ішінде мұнай және газ өндіретін компанияларға 44 жарым миллиард доллар несие берген. Тіпті, франциялық BNP Paribas банкі 2021 жылы осы салаға инвестициялық несие көлемін 16 процентке арттырды. Өзге қаржы ұйымдарында да өсім бар. Сәйкесінше жаңа мұнай көздері ашылып жатыр. Жағдайға табиғат жанашырлары алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, жаңа бағдарлама бойынша кәрі құрлықтың банктері көміртек саласын қаржыландыруды азайтып, жасыл технологияларды қолдауға міндетті. Алайда сөз бен іс сәйкес болмай тұр. Ал мұнай-газ саласының мамандары нарықтың жанармайға деген сұранысын қамту үшін салаға қаржы жетпей жатқанын айтады. Бұған дейін Sanford C. Bernstein зерттеу орталығы 2021 жылы табылған ашық мұнай қоры 70 жыл бұрынғы деңгейге төмендеп кеткенін, өндірісті арттырмаса, қара алтын қымбаттай беретінін жариялаған еді.