Өзін өзі банкрот жариялаған адам 3 жыл шетелге шыға алмайды

Өзін банкрот деп жариялаған жеке тұлға үш жыл бойы шет елге шықпайды.

Сондай-ақ бес жыл бойы несие берілмейді. Егер борышкердің қарызы 1600 Айлық есептік көрсеткіш яғни 4 миллион 900 мыңнан көп болса, қаржы ұйымы сот арқылы оның үйін тартып алуға құқылы. "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасында осындай ережелер қарастырылған. 4 ақпан күні заң жобасының тұжырымдамасы мақұлданды. Қазір қоғамда талқыланып жатыр. Кезекті талқылау барысында сарапшылар бірқатар ұсыныс жасады. Яғни борышкердің оқу немесе жұмыс істеу мақсатымен шетелге шығуына рұқсат ету, алаяқтық жасағандарға жазаны күшейту. Банкроттық жариялаған жеке тұлғаның қаржылық жағдайын үш жыл бойы бақылау және жалғыз баспанасын тартып алмау туралы айтылды.  

Андрей Чеботарев, сарапшы:

- Банкроттық жариялау рәсімінің жеңілдетілуіне түбегейлі қарсымын. Өйткені бұл борышкердің ең соңғы амалы болуы тиіс. Әйтпесе азаматтар қарыздан құтылу үшін өзін банкрот жариялай салуы мүмкін. Сондай-ақ жалғыз баспанасын тартып алу туралы ережеге де келіспеймін. Ресейде оны тартып алмайды. Мысалы, азаматтың үш бөлмелі үйі болса, оны сатып, бір бөлмелі үй әпереді. Үстіндегі ақшасы берешекті өтеуге жұмсалады. Осындай нұсқаларды қарастыру керек.

Қаңтарда БЖЗҚ-ға 115 млрд теңге түсті

Зейнетақы қорына түсім көбейді. 1 ақпандағы мәлімет бойынша елдің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында 13,1 триллион теңге бар. Оның 12,7 триллион теңгесі міндетті зейнетақы жарнасынан, 368 миллиардтайы кәсіптік зейнетақы жарнасынан және 1,7 миллиарды ерікті жинақтан түскен. Алғашқы айда салымшылардың есеп-шотына 115 миллиард теңгедей түсті. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 процентке көп. Бір айда қор өз салымшыларына жалпы сомасы 113 миллиард теңге төлем жасады. Оның 97 миллиарды қаржысы шекті сомадан асқан азаматтарға берілген.

Салықтың тең жартысы ірі 50 компаниядан түседі

Былтыр елдегі ең ірі 50 компания салыққа 5,9 триллион теңге төледі. Яғни Қазақстан бюджетіне салықтан түсетін қаржының 55 проценттейі осы 50 компаниядан келеді. Финревью басылымының мәліметіне қарағанда 2021 жылы мемлекет қоржынына салықтан 10,7 триллион теңге түсті. 2020 жылмен салыстырғанда 2,2 триллионға көп. Енді салықты көп төлеген үздік бес компанияны атап өтейін. Олар Теңізшевройл, Қарашығанақ петролиум, Маңғыстаумұнайгаз, Өзенмұнайгаз және Қазцинк компаниялары. Алғашқысының бір жылда төлеген салығы триллион теңгеден асады.

Сарапшылардың айтуынша, салық түсімдерінің артуына пандемиядан кейінгі серпіліс оң әсер етті. Мемлекет тарапынан жасалған қолду да жағымды ықпал етті. Себебі крантинге байланысты 2020 жылы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны күрт азайып кеткен еді. Оларға салықтық жеңілдіктер жасалды, несие берілді. Нәтижесінде жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлер саны 74 мыңға жеткен.