Еуроодақ Қазақстаннан мұнай импортын ұлғайтпақ

Еуроодақ Ресей мұнайына эмбарго енгізу туралы шешімді осы аптада қабылдауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы жеке дереккөзіне сүйеніп, америкалық «Нью-Йорк таймс» басылымы жариялады. Мәліметке қарағанда ертең одаққа мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері бас косып, мәселені талқылайды. Апта соңында шешім жарияланады. Ресми Брюссель Парсы шығанағы елдері, Нигерия, Қазақстан және Әзірбайжаннан импортты арттыру арқылы Ресей мұнайының орнын алмастырамыз деп жоспарлаған. Блумберг агенттігінің хабарлауынша, мұнай импортын шектеу жыл соңына дейін кезең-кезеңімен іске асады. Бұл ресми Мәскеуге қарсы санкциялар пакетінің алтыншы легі болмақ. Қара тізімге «Сбербанк» және кейбір қалталы тұлғалардың аты-жөні жазылған. Бұған қоса Ресейден жылжымайтын мүлік алуға да тоқтау болады. Айта кету керек, Еуроодақ тарапынан қабылданатын шешімді ұйымға мүше 27 мемлекет бірдей мақұлдауы тиіс. Бұған дейін Германия мен Венгрия эмбаргога қарсы шығып келген еді. Осы жолы неміс елі эмбаргоны қолдайтынын жариялаған. Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, Еурокомиссия Венгрия мен Словакияға ғана Ресей мұнайын тұтынуды жалғастыруына рұқсат етеді. Айта кетейік, Еуроодаққа қажетті мұнайдың төрттен бірі Ресейден импорттап отырған. Ал Ресей экспортының тек жартысы кәрі құрлыққа сатылған.

ӘЛЕМДЕ МҰНАЙ НАРЫҒЫ ҚҰБЫЛЫП ТҰР

Кешегі сауда-саттық барысында қара алтынның құны 3 процентке төмендеп брент маркалы мұнайдың баррелі 103 долларға саудаланған еді. Сарапшылар мұны Қытайдағы жағдаймен байланыстырды. Көрші елде коронавирустың таралуы қайта өршіп жатыр. Сондықтан ел билігі шектеу шараларын қатаңдатып, кәсіпорындарда жұмыс тоқтаған. Сәйкесінше мұнайға сұраныс азайып, бағасы төмендеді. Десе де Америкалық сессияда қара алтын қайта қымбаттай бастады. Мұнда WTI маркасы 0,43 процентке көтеріліп, 105 доллардан саудаланды Ал Брент маркасы 107 доллар 61 центтен саудаланып жатыр. Сондай-ақ америкалық сессияда табиғи газдың да бағасы өсті.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫНА ВИЗА САНЫН КӨБЕЙТТІ

Оңтүстік Корея кеме құрастыратын жерде жұмыс істейтін еңбек мигранттарына берілетін виза санын көбейтті. Бұл туралы елдің Әділет министрлігі жариялаған. Осы арқылы дәнекерлеу, бояу бойынша білітктілігі бар 4 мың 400 маман тартылмақ . Clarksons Research зерттеу орталығының мәліметіне қарағанда кейінгі бір жылда сұйытылған газ таситын танкерге сұраныс екі есе артқан. Мәселен, биыл алғашқы тоқсанда 37 кемеге тапсырыс түскен. Бұл былтырғы жарты жылғы тапсырыстан асып түскен. Бүгінде таңғы шық елі көгілдір отын таситын кеме құрастырудан әлемде көшбасшы саналады. Жоғары технологиялы танкерлердің 60 проценті осы елде құрастырылады. Оның үстіне биыл Оңтүстік Коеря үкіметі теңіз арқылы Еуропаға газ жөнелтуді жоспарлап отыр. Бірақ әзірге көлемі белгісіз.

ДОЛЛАРДЫҢ ИНДЕКСТЕРІ ЖОҒАРЫЛАП БАРАДЫ

Әлемде АҚШ долларының индекстері жоғарылап барады. Жыл басынан бері оның құны 8 процентке өскен. Оған құрама штаттардың ақша кредит саясатын қатаңдатуы әсер етті. Сарапшылар ертеңгі кеңесте елдің федералды қор жүйесі базалық ставканы 50 путке көтереді деген болжам айтып отыр. Себебі АҚШ-та да инфляция жоғарылап кеткен. Геосаясаттағы ахуалға байланысты мұнда бағаның өсімі 8 жарым процентке жетті. Бұл кейінгі 40 жылдағы рекордты деңгей. Алайда федералды қор жүйесінің базалық ставканы көтеруі өзге мемлекеттердің экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Осы жаңалықтан кейін-ақ кей елдердің валютасы әлсірей бастады.Мәселен, мұнай өндіретін Канада, Мексика сынды елдердің төл ақшасы долларға шаққанда төмендеген. Бір қызығы рубль міз бақпай, бір қалыпта тұр. Теңге де әзірге тұрақтылығын сақтап тұр. Тіпті сәуірде долларға шаққанда 5-6 процент нығайған.