Қазақстан сиыр етін өндіру бойынша әлемде көш бастауы мүмкін

Халықаралық сарапшылар осылай дейді. Ол үшін мамандар генетикаға қаржы құюға шақырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еліміздің сиыр етін өндіруде әлеуеті бар екенін сала мамандары да мойындап отыр. Бірақ экспорттың бұл бағытын бағындыруда біршама кедергілер де жоқ емес.

Халықаралық сарапшы Фрэнк Грейвс осылай дейді. Үшаралда өткен Лепсі 2022 халықаралық мал шаруашылығы форумының қонағы елдегі ет өндірісіне қатысты пікір білдірді. «Дүние жүзі бойынша Қазақстанда сиыр етін өндіру әлеуеті жоғары. Оны іске асыру үшін шаруалар генетикаға инвестиция салуы керек», - дейді сарапшы. 2020 жылдан бастап етке баға индексі үнемі өсіп, тарихи рекордтарды жаңартып жатыр. Биыл мамырда бұл индекс 122 тармақтан тұратын ең жоғары көрсеткішке жетті. Әлемде де, біздің елде де баға өсті. Мамандардың айтуынша, оған жем-шөптің қымбаттауы, логистикалық бағыттардың қайта бағдарлануы негізгі себеп болды.

Соңғы бес жылда Қазақстанда ет өндірісі артты. 2022 жылғы қаңтар-наурыз аралығында отандық кәсіпорындардың етті қайта өңдеу және ет өнімдерін өндіру көлемі 101 млрд теңгені құраған. Көрсеткіш бір жыл бұрынғы кезеңге қарағанда 28,8% артық. Мұны energyprom.kz хабарлаған. Осы аралықта физикалық мәнде 85 мың тоннаның өнімі өндірілген. Бір жылда өсім - 4,9%. Оның 18 мың тоннасы - ірі қара малдың, ұсақ малдың, шошқаның, жылқы еті.

ЕТ ҚЫМБАТТАЙ МА?

Қазақстанның ет шаруашылығы одағының мүшесі Мақсұт Бақтыбаевтың айтуынша, біз тұтынатынымыздан көп өндіреміз. Шамадан тыс өндіріс көлемі отандық нарықты басып тұр. Салдарынан еттің көтерме бағасы түсіп кетті. Бұл шаруалар үшін тиімсіз дейді Бақтыбаев. Сиырды сатып алып, оны төлдетіп, мал басын көбейтуге кем дегенде үш-төрт жыл кетеді. Әлемде мал шаруашылығының өзіндік құны өсті. Мысалы, қуаңшылық салдарынан шөп екі жарым үш есе, арпа екі есе қымбаттады.

Мақсұт Бақтыбаев, «Қазақстан ет шаруашылығы одағының» төрағасы:

- Қазір шаруалар шығынға батып жатыр. Ал делдалдардың қалтасы қампайды. Бұлай болмау керек. Көтерме нарықтағы еттің келісі 1800-2000 теңге. Бөлшек саудада 2600-3200 теңге аралығында. Сондықтан біз ет қымбаттайды деп ойламаймыз. Тек делдалдардың маржаны түсіргенін күтеміз.

СИЫР ЕТІНЕ СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

Ет өндіретін әлемдік көшбасшылар жаңа нарықтар ашып, етке жоғары сұранысты пайдаланып, жеткізу көлемін арттырып жатыр. Қазақстанның ет одағының ақпаратына сай, Бразилия 2020 жылы жеткізу көлемін 8% арттырды, ал биыл араб елдерінің нарығында өнімдердің көп болуынан және Қытайға жеткізілімдердің ұлғаюынан сиыр етінің рекордтық экспорты күтілуде. Қазақстан етті мал шаруашылығын дамытқан жылдарда әлемдік стандартқа сай өндірістік тізбек қалыптастырды. Сойылған малдың тұтас етінің орташа салмағын 20 келіге арттырды. Қытай, Ресей және араб елдерінің нарығына ет тасымалдай бастады. Бірақ қазір Қазақстан географиялық артықшылықтарын толық пайдалана алмай отыр дейді одақ мүшесі Мақсұт Бақтыбаев. Өйткені әлемде сиыр етін өндіретін ТОП бес мемлекеттің жайылымдары толық. Бұл ретте саладағы негізгі өсім Қазақстанға келеді. Өзбекстан, Иран, Қытай сиыр етін үнемі алып тұрады. Сондықтан экспортты ұлғайту үшін өндіріс көлемін арттыру қажет. Маманның сөзінше, сұраныс болу үшін жаңа нарықтарға шығу керек.

Мақсұт Бақтыбаев, «Қазақстан ет шаруашылығы одағының» төрағасы:

- Өкінішке орай Үкімет ірі қара мал экспортына тыйым салды. Бірақ өзге нарықтарда қазір сұраныс жоғары. Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Қытай Еуропадан мал сатып алып жатыр. Ал біз сыртқа мал шығара алмаймыз. Сондықтан экспортты ұлғайту үшін әділ баға, ашық нарық және тұрақты жеткізілім болу керек. Сондай-ақ жайылымдарды алуды онлайн форматқа ауыстырып, мал шаруашылығына берілетін несиені жеңілдетсе, ата кәсіппен айналысатындар көбейер еді.

КҮНБАҒЫС МАЙЫНЫҢ ЭКСПОРТЫНА ШЕКТЕУЛЕР ЕНГІЗІЛДІ

Қазақстан күнбағыс майын экспорттауға шектеу қойды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, квоталар бағаны тұрақтандыру және сыртқы нарықтағы сұраныстың артуына байланысты бізде тауар тапшылығы болмау үшін енгізіледі. Ведомство биыл маусым-тамыз айларында күнбағыс майын экспорттауға 68 мың тонна көлемінде квота бөлуге дайын. Тауар экспортына өтінімдер 21 мен 23 маусым аралығында  қабылданады. Бір өтініш берушіге айына 6 мың тонна өнімнен аспайтын шектеу қойылған. 

АЗЫҚ-ТҮЛІК БІР ЖЫЛДА 19% ҚЫМБАТТАДЫ

Биыл мамырда тауарлардың бағасы 1,4% өсіп, жылдық мәнде 14% дейін жетті. Соның ішінде азық-түлік бағасы қатты көтерілген. Бір жылда баға 19% өсті. Азық-түлік тауарларында нан өнімдері, қант, ет және сүт өнімдері қымбаттады. Мұны Ұлттық банк хабарлады.