Ресейде көлік импорты азайды

Биыл алғашқы алты айда Ресейде көлік өндірісі 61 процентке азайды. Сарапшылар бұл ең төменгі көрсеткіш, жылдың екінші жартысында жағдай оңалады деп үміттенген болатын. Алайда олай болмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маусымда жеңіл көлік өндірісі 90 процентке дейін азайып, небәрі 13 мың 400 автокөлік құрастырылды. 2019 жылы елге импортталған жеңіл автокөліктің тең жартысы Ресейден келген. Бұған қоса отандық автозауыттарға қажетті бөлшектердің де бірқатары теріскейдегі көршіден тасымалданады. Әрине бұл мемлекеттің нарығындағы дағдарыс бізге де әсер етері сөзсіз. Ресей нарығында көлік құрастыратын 20 зауыттың тек үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Олар «Автоваз», «Уаз», және қытайлық «Хавал». Халықаралық брендердің Ресейді тәрк етуі біздің нарыққа тікелей әсер етті. Мәселен, биыл қаңтар мен маусым аралығында Ресейден Қазақстанға 5 мың 400 жаңа көлік импортталды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 жарым есе аз. Былтыр алты айда бұл елден 4 мың 550-ден астам «Тойота» маркалы көлік кірсе, биыл 1700 дей ғана.»Фольсваген», «Митсубиши» импорты 2 есе азайған. Алты айда «Шкода» бренді мүлде әкелінбепті. Өсім тек «Хавал» маркасында ғана бар. Былтыр алты айда 361 көлік келсе, биыл 500-ге жуықтаған. Геосаясаттағы ахуалға байланысты Ресейге автөбөлшек жеткізу де шектелді. Салдарынан Қазақстанда Hyundai-дың Ассent  және Creta үлгілерін шығару уақытша тоқтады. Бұған дейін олар қордағы барын қолданған. Енді корейлік компаниямен келіссөз жүргізіп, өзге бағыттар арқылы тасымалдау жолдарын талқылап жатыр.

Артур Мискарян, сарапшы:

– Қазір бизнес өкілдері бөлшектерді тікелей жеткізудің жаңа жолдарын қарастырып, өнімді шығарушы компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірақ, әрине, бұл бір екі күн немесе бір екі айда шешілетін мәселе емес. Сондай-ақ бұл өнімнің құнына да әсер ететіні сөзсіз.

ГРУЗИЯДА КӨЛІК ҚЫМБАТТАДЫ

Қазақстандықтарға Грузиядан көлік әкелу тиімсіз болып барады. Өйткені ол жақта да баға көтерілді. Утилизациялық алым сомасы азайғалы ел азаматтары Тбилиси жанындағы Рустави қаласына ағыла бастаған еді. Сол жақтан жылы жаңа арзан көлік әкелетін.

Айту керек, Грузия көлік шығармайды. Олар АҚШ-та жол апатына түсіп, аукционға шығарылған көліктерді әкеп, жөндеп сатады. Кейінгі бір-екі айда бағасы 4-5 мың долларға қымбаттады. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, сұраныс артты. Ресейге салынған санкциялар және рубльдің нығаюына байланысты көрші ел азаматтары Грузия базарына лап берді. Екіншіден, теңіз тасымалының ақысы айтарлықтай көтерілген. Сондықтан теміл тұлпардың құны да қымбаттады.

Енді елдің азық-түлік нарығына оралайық. Биыл отандық дихандар 675 мың тоннадан астам картоп жинады. Өнімділік орташа есеппен гектарына 203 центнерден шығып жатыр. Былтыр гектарына 166 центнерден келген. Биыл дихандар сапалы тұқым қолданып, тыңайтқышты уақытылы септі. Арам шөп пен аурулар, зиянкестерге қарсы химиялық өңдеуді де дер кезінде жүргізген. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда Қазақстан ішкі нарықты картоппен толық қамтитындай өнім жинайды. Алайда оны жыл бой сақтайтын қойма жоқ. Сондықтан маусымдық тапшылық кезінде сырт елден иморттауға тура келеді

Азат Сұлтанов, ҚР АШМ егіншілік департаментінің директоры:

– Биыл картоптың бағасы дихандар үшін қолайлы болды. Сондықтан көбі экспорттамай ішкі нарыққа сатты. Оның үстіне қажет кезде жауапты министрлік ретінде экспортқа шектеу енгіздік. Былтыр Сарағашта ерте аяз түсіп, қазан ұрып кеткен болатын. Биыл ауа райы да қолайлы болды. Қазір мемлекет қолдауымен картоп сақтайтын қоймаларды көптеп салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыс нәтижелі аяқталса біз ішкі нарықтан артылғанын ғана экспорттаймыз.

Ел өңірлерінде картоп қанша тұратынын салыстырып көрейік. Бұл статистикалық мәлімет емес. Бағаны әр өңірдегі әріптестерімізден сұрадық. Сонымен картоп ең арзан өңір Павлодар. Келісі 130 теңге шамасында. Қарағандыда 145-тен. Елорда дүкендерінде 160 теңгеден. Ал Алматыда 20 теңгеге қымбат. Орал мен Түркістан жұрты бір келі картопты 200 теңгеден алады. Шымкентте 230-дан. Ел бойынша ең қымбаты Семей мен Петропавл екен. Мұнда бір келі картоп 250 теңге екен.