Қазан айында елімізде цифрлық теңгені қолдану платформасы сынала бастайды

Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Қуанышбеков пилоттық жобаның жыл соңына дейін жалғасатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандықтар сандық теңгені қашан қолдана алады? Тақырыпты экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызы тарқатады.

Сынаққа қатысуға дайын азаматтар мен сауда-қызмет көрсету ұйымдары іріктелген.  Осы пилоттық жоба аясында барлық тәуекел қаперге алынады. Оның нәтижесіне қарай, валютаны енгізу мерзімі де нақтыланады.

ЦИФРЛЫҚ ТЕҢГЕ ПЛАТФОРМАСЫ  

Пилоттық жоба аясында қолданысқа енетін цифрлық валюта сомасы нақтыланып жатыр. Платформа 2 ай бойы сыналады. Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Қуанышбековтің айтуынша, цифрлық валютаны енгізудегі әлемдік тәжірибе мен халықаралық сынақ нәтижесі ескеріледі. Сондықтан, оны енгізудің нақты мерзімін айтуға асықпады. Десе де, цифрлық теңгенің дизайны мен платформасы дайын. Пилоттық жоба аясында сандық валютаның ақша-несие саясаты мен қаржылық тұрақтылыққа әсері, тәуекелдер, реттеу жұмыстары пысықталады. Елдос Қуанышбеков цифрлық теңгенің транзакцияны бақылау құралы емес, төлемнің инновациялық түрі екенін атап өтті. Ол арқылы көлеңкелі экономиканы төмендетіп, бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын арттыру көзделеді.

БИЗНЕСТІ АҚПАРАТТАНДЫРУДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Мерей: Ақпараттандыру саласындағы бизнеске қойылған талаптың 33 жарым проценті базалық шарттарға сәй емес. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді. Палата сарапшылары Ұлттық экономика, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен бірлесіп, кәсіпкерлерге қатысты қайталанатын нормаларды анықтаған. Осылайша, 58 нормативтік-құқықтық актіге талдау жасалды. Нәтижесінде 821 талаптың 275-і базалық шарттарға сәйкес келмейтініне көз жеткізген. 200-ден аса қайталанатын нормалар анықталды. «Таза парақтан» реформасын іске асыру шеңберінде қолданыстағы реттеуді түбегейлі қайта қарау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның негізінде 2023 жылдың қаңтарынан бастап, егер талап тізілімге енгізілмеген болса, мемлекеттік орган бизнес өкілдерін тексеріп, жазалай алмайды.

Әлия Есмұханова, «Атамекен» ҚР ҰКП адами капиталды дамыту департаменті директорының орынбасары:

- Жылдан-жылға көптеген нормативтік-құқықтық акті шығарылады. Онда бизнеске қатысты қайталанатын, кейбір жағдайда бір-біріне қайшы келетін талаптар болуы мүмкін. Бірақ, бұл жағдайда белгілі бір мемлекеттік органды кінәлау қиын. Осыған байланысты, "таза парақтан" реттеу сияқты механизм бізге мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ өз кандидатураларын ұсынған сарапшылармен бірлесіп, нормаларды қайта қарауға, тіпті алып тастауға ұсынылатын кемшіліктерді анықтау рәсімін бастауға мүмкіндік берді

АСТЫҚ ПЕН ҰН ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Елімізде бидай мен ұн экспортына шектеулер алынды. Кеше Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тиісті бұйрыққа қол қойды.

Естеріңізде болса, Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экспортқа квота енгізу туралы шешім қабылданған еді.  Бүгінде әлемдік нарықтағы жағдай тұрақты және елдегі астық өнімі жеткілікті болғасын шектеуді алып тастау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта елімізде 11,3 млн га астық жиналды - бұл жоспардың 69,8%.

МҰНАЙ ТАҒДЫРЫ

Қытайда мұнайға сұраныс азаюы мүмкін. Мұны халықаралық энергетика агенттігі хабарлады. Бұған елдегі коронавирусқа байланысты шектеулер мен тұрғын үй саласындағы дағдарыс себеп. Биыл аспан асты мемлекеті қара алтынға сұранысты тәулігіне 420 мың баррельге дейін азайтады. Бұл 30 жылдағы ең төменді көрсеткіш. Жағдай жаһандағы мұнай нарығына кері әсер етеді дейді сарапшылар. Баға да төмендеуі ықтимал.