Қазақстан ұн нарығында ұтылып жатыр

Отандық ауылшаруашылығында жалпы өнім көлемі шамамен 8 процентке азайды.

Ал өсімдік шаруашылығындағы бұл көрсеткіш 15 процентке дейін түскен. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында депутат Әли Бектаев айтты. Жиынға қатысушылар отандық тауар өндірушілерді қолдау және бәсекеге қабілеттілікті арттыру саясаты әлсіз екенін жасырмады. Мәселен, ұн экспорты ақсап тұр. Осыдан 10 жыл бұрын көрші елдер тарапынан Қазақстан өніміне деген сұраныс жоғары болатын. Мысалы, "Өзбекстанға жылына 1 млн 200 мың тоннадай ұн жіберетінбіз. Қазіргі экспорт көлемі 4 есе азайды", - дейді кәсіпкерлер. Сенатор Әли Бектаев Қазақстан нарығы аясының тарылып жатқанын былайша түсіндірді.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мен өзім оңтүстіктің азаматымын. Шымкентте бір 20-30 диірмен істеп тұратын. Оның барлығы қазір тұр. Адамдар жұмыссыз қалды. Ал көрші Өзбекстанда бір емес, бірнеше диірмен ашылып жатыр. Олар бізден астық алады. Бірақ ұнды өткізбейді. Баж салығы бар. Астық баж салығынсыз өтіп жатыр. Сол жерден олар өңдеп, ұнды Тәжікстан мен Ауғанстанға сатып жатыр. Намысқа тие ме? Тиеді.

Десек те былтыр экспортталған ауылшаруашылығы өнімдерінің құны 5 млрд АҚШ долларынан асқан. Ал агроөнеркәсіп кешеніндегі өнім экспортының жалпы көлемде өңделген үлесі шамамен 43 процентке жетті. Биыл бұл көрсеткішті 45 процентке жеткізу көзделіп отыр. Осылайша, Президенттің 70 процентке жеткізу туралы тапсырмасының орындалуын кезең-кезеңімен қамтамасыз етеміз, дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері.