Заңсыз алтын өндірісінен ₸1,5 млрд шығын келді

Елде алтынды заңсыз өндіру мен ұрлау қылмысы тыйылмай тұр.

Кейінгі үш жылдың өзінде 7 іс тергеліп, заңсыз әрекеттерден мемлекетке 1 жарым млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Сенатор Андрей Лукин осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Ішкі істер органдары 4 жылда бағалы металдардың заңсыз айналымына қатысты 133 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген. Депутат: «заңсыздықпен күресу үшін алтын кеніштеріне бақылауды күшейту қажет», - деді.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Шамамен есептегенде, заңды өндірілген әрбір үш тонна алтын заңсыз өндірілген бір тоннамен қатар жүретін болып шықты. Бұл ел көлеміне шаққанда жылына 25 тонна заңсыз өндірілген алтын. Бұл мәселені шешудегі негізгі шаралардың бірі – объектілерде бақылауды күшейту. Оған: қосымша бейнебақылау орнату, шахта ұңғыларына талшықты-оптикалық желі байланысын салу, кіру алаңына бақылау жүйесін енгізу, тексеру кешенін пайдалану, қоршау орнату, автоматты анықтау құрылғысын қолдану және басқа да қауіпсіздік шаралары кіреді.