Алдағы мамыр айында өтетін он бірінші Астана экономикалық форумында 11 әлемдік сын-қатер талқыланады.
Осы алқалы жиынға жер жаһанның әр қиырынан келетін мыңдаған делегат төртінші өнеркәсіптік революцияға көшу жолдарын да қарастырады. Бұл туралы бүгін Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді. Іскерлік алаң аясында елордалық оқу орындарында Нобель сыйлығының иегерлерімен кездесу ұйымдастырылады. Айта кетейік, Астана экономикалық форумына Францияның бұрынғы президенті Француа Олланд қатысады деп күтіліп отыр. Шараны ұйымдастыру жұмысына 400 миллион теңгедей қаражат қаралған. Сол арқылы алқалы жиын қазақстандық өндіріс саласын өркендетуге, цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруға игі ықпалын тигізуі тиіс. Биылғы форумның ерекшелігі, интерактивті құралдар көптеп қолданылып, пікірталастар еркін негізде өрбитін болады.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары:
– 10 жыл ішінде форум экономикалық идеялар мен практиканы біріктіретін халықаралық алаңға айналды. Бүгінгі таңда әлемнің 150 елінен 50 мыңнан астам делегат үздік халықаралық спикерлер қатысқан. Форумның ықпалы өсіп жатыр. Шара деңгейі халықаралық инвесторларды тартудан бастап, әлемдік экономикалық саясатты талқылайтын алаңға айналды. Форум әлемнің күн тәртібіндегі жаңа идеяларды талқылауға дайын. Осыған орай форумды қайта қалыптастыру қажеттігі туындады. Сондықтан форум жаңа талаптарға сәйкес, жаңа форматта өтеді.
Бауыржан Мұқан, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
– Астана экономикалық форумының бюджеті былтырғымен бір деңгейде жүреді. Астана экономикалық форумына қатысты ұйымдастыру шаралары, логистикасы, тұратын жерлері қамтылған. Барлығы біздің демеушілерден жинақталады. Бюджеті жалпы 400 миллион теңгенің маңындағы қаражат.