359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Швейцарияда өткен конференцияда «Астана» ХҚО-ның жоспарлары таныстырылды

  • 146

Шілде айының алғашқы күндері елордада «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері өтеді.

Бүгінде орталық жұмысының негізгі бағыттары және ондағы қолайлы іскерлік ұсыныстар жайы Швейцарияда таныстырылып жатыр. Цюрихтегі конференцияда үздік швейцариялық компаниялардың өкілдері Еуразиялық нарықты халықаралық хаб ретінде біріктірген қаржы орталығының жұмысымен танысты.

Швейцария – Еуропаның ең беделді қаржы орталықтарының бірі. Мемлекет халықаралық қаржы ағындары үшін маңызды транзиттік пункт болып табылады. Швейцариялық франк әлемдегі негізгі резервтік валюталардың тізімінде. Ал елдің банк жүйесі де жаһандағы үздіктердің қатарында. Дәл осы себепті халықарлық қаржы орталығының жетекшісі Қайрат Келімбетовтің айтуынша, алдыңғы қатарлы швейцариялық қаржы институттарымен серіктестік орнату маңызды рөл атқарады.

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жетекшісі:

– Швейцарияда мұндай орталықтың бірнешесі бар. Ол Цюрих, Женева және Базель. Сондай-ақ Швейцарияның Ұлттық банкі, жаһандық активтерді басқаратын UBS, UBP, Pictet банктері, «CreditSuisse» атты инвестициялық және «JuliusBaer» сынды жекешелендірілген қаржылық ұйымдар бар. Олар біздің ұлттық банктер және екінші деңгейлі қаржылық институттарымен бұрыннан бірлесе жұмыс істеп келеді. Болашақта өз өкілдіктерін ашуға ниеттеніп отыр.

Массимилиано Кастелли, UBS Global Asset Management басқарушы директоры:

– Біз Қазақстан аумағында жұмыс істеп жатырмыз. Енді «Астана» халықаралық орталығының жұмысын бақылайтын боламыз. Қазақстанның экономикасы мен банк жүйесі айтарлықтай дамыған. Демек болашаққа бірлесе жоспар құру үшін қолайлы әрі тұрақты мемлекет. Бүгінде Еуропа мен Азия арасы алыстаған. Азияға кіріп және шығып жатқан ивестициялардың барын да білеміз. Осы орайда Астана маңызды рөл ойнайтындығына сенеміз.

Соңғы екі жылда көптеген дайындық жұмыстары жүргізілді. Ағылшын құқық жүйесі аясында 50-ге жуық нормативтік құқықтық акт қабылданды. Бұл – Лондон, Дубай, Сингапур және Гонконг сынды ауқымды қаржы орталықтарының үздік тәжірибесі. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, орталықтың ресми түрде іске қосылуына барлық қаржы институттарын реттеуші агенттік пен жекешелендіру үдерістерін жүргізуге арналған Қазақстан қор биржасы да дайын. Бұл платформа Nasdaq американдық компаниясы және Шанхай қор биржасымен бірлесіп құрылған.

Ханс Бишофф, Германиядағы «Кazakh Invest» компаниясының өкілі:

– Еуропалықтар үшін Қазақстанның инвестициялық климаты өте жақсы. Инвесторлар үшін барынша жағдай жасалған. Ол төмен салық, қауіпсіз және ауқымды нарық. Шілде айында Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлап отырған неміс кәсіпкерлер делегациясымен Астанаға баруды жоспарлап отырмын.

Конференция қатысушылары мен сарапшыларының пікірінше, Цюрих «Астана» халықаралық қаржы орталығының Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі болары сөзсіз.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы