359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қырғызстан экономистері Н.Назарбаевтың әлемдік валюталар қоржынын әртараптандыру туралы ұсынысын қолдап отыр

  • 111
Қырғызстан экономистері Н.Назарбаевтың әлемдік валюталар қоржынын әртараптандыру туралы ұсынысын қолдап отыр

Ұлттық валютада есеп айырысуға көшу Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің экономикасын нығайтып, қаржы жүйелерін қорғауға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік валюталар қоржынын әртараптандыру туралы ойын қолдаған Қырғызстан экономистері осындай пікір айтып отыр.

Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу бұрыннан айтылып келеді. Екіжақты түрде мұны Ресей мен Беларусь табысты қолданып жүр. Қазақстан Президенті Еуразиялық кеңістікте бірыңғай валюта құруды бірнеше рет ұсынған болатын. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттері арасында сауданы ұлттық валюталарымен жүргізу, айырысу осы бағыттағы алғашқы қадам болар еді.

Жұмақадір Акенеев, экономика ғылымдарының докторы:

– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осындай есеп айырысуға көшу Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдеріне экономикаларын көтеруге ыңғайлы болар еді деп отыр. Бұл қадам осы ұйымдағы ең шағын елдердің бірі – Қырғызстанға өз пайдасын келтіретіні анық.

Сарапшылардың пікірінше, теңге, рубль немесе юаньмен есеп айырысу ұлттық валюталардың үлесін арттырып, олардың нығаюына септігін тигізеді. Бұл көпжақты сауда-саттықты ұлғайтып, валюта бағамының ауытқуы сынды қауіп-қатерлердің төмендеуі арқасында ұйымға мүше елдердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Абдыбалы Тегін Суерқұл, экономист:

– Қазақстандық бидайды неліктен долларға сатып аламыз, неге теңгемен немесе рубльмен төлемейміз? Мәселенің мәнін саясаткерлер түсінсе де, нақты қимылға көшпейді. Мен Назарбаевтың ұсынысын толықтай қолдаймын.

Жақында Қытайдағы Циндао қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Қазақстан Президенті ұйымға мүше елдердің банктеріне өзара есеп айырысудың жаңа жүйесін енгізуді ұсынған. Бұл елдер арасындағы сауда мен инвестициялық жобалардың жүзеге асыруын жеңілдетеді. Ал ең бастысы, әлемдік валюта қоржынын әртараптандыру ұйымға мүше елдердің экономикалық қауіпсіздігін нығайтады.

Авторы: Бақыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы