361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанадағы инвестициялық жиында бірқатар меморандумға қол қойылды

  • 154

Елімізде дәрі-дәрмек пен ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын, мұнай өңдейтін зауыт және тау-кен комбинаты салынады.

Астанада өткен инвестициялық жиын аясында бірнеше қазақстандық компания мен әкімдіктер шетелдік инвесторлармен осы бағытта ондаған меморандумға қол қойды. Алқалы жиынға жер-жаһандағы алпауыт компаниялардың 600-ден аса басшысы келген. Бәрі де Қазақ елімен әріптестік аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Сонымен бірер жылда ел экономикасында қандай серпіліс болмақ?

Дөңгеленген дүниенің бизнесмендері бүгін елордада бас қосты. Әркімнің-ақ елімізге инвестиция құюға құлқы бар. Таяу жылдары Түркия, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция және Ресей мен Біріккен Араб Әмірлігінің азаматтары қазақстандық әріптестерімен бірге елімізде талай жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Тараптар бүгін ресми келісімге қол қойды.

Бүгін жалпы құны 4,7 млрд долларды құрайтын 32 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Инвестициялар ел экономикасының барлық салаларын қамтиды. Нәтижесінде, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болмақ. 

Сапарбек Тұяқбаев, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

- Францияның әлемдегі екінші ең үлкен компаниясы осында дәрі-дәрмек өндіру бойынша зауыт ашу бойынша, одан басқа францияның IT саласындағы ірі трансұлттық компаниясымен Қазақстанның қалаларында смарт қала жобаларын іске асыру бойынша және тамақ өндірісінде ет өндірісінде австралиялық компаниясымен, теплица бойынша түрік инвесторлармен келісімге қол жеткізілді. Бұдан басқа жер қойнауын дамыту, газ-химия, құрылыс материалдары бойынша жаңа жобаларға қол жеткіздік.

Инвесторлардың қаражатына алдағы 5 жылдың көлемінде Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай, Қарағанды қалаларында қоқыс өңдейтін зауыт салынады. Құрылыстары келер жылы басталмақ. Бұл зауыттарға неміс, ағылшын азаматтары инвестиция құямыз деп құлшынып отыр.

Александр Гердт, серіктестіктің бас директоры /Германия/:

- Адамдар қоқысты қазір палигонға тасып жүрсе, бірер жылда оны біздің зауыттарға әкеле алады. Яғни қалдықтарды қабылдап, одан пластикалық өнімдер шығарамыз. Тағы бір ерекшелігі - зауытымыз нөлдік шығын бойынша жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз қалдық қалмайды. 

Бүгінгі келісім аясында машина жасау, тау-кен, жеңіл өнеркәсіп пен аграрлық салаға да инвестиция тартылады. Көбі ауыл шаруашылығы бойынша жасалған меморандумдар. Инвестициялық қолдаудың нәтижесінде таяу жылдары 600 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі. Сол кезде бір жылдың ішінде 650 миллиард теңгенің ауылшаруашылық өнімі өндірілмек. Бұл жұмыстар алдағы 2 жылдың ішінде орындалады екен.

Ислам Әбішев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрілігің комитет төрағасы:

- Қазір Қазақстанда 1 миллион 400 мың гектарға жуық суармалы жер бар. Елбасының қойған тапсырмасы 600 мың гектар жерді іске қосу. Бұдан бөлек, су ресурстарының жердің мүмкіншілігіне қарағанда тағы да бір жарым миллиондай гектар жерді іске қосуымыз керек. Сол кезде біз әлем бойынша суармалы жері көп алғашқы 15 елдің қатарына кіреміз.

Еліміздің экономикалық әлеуеті көңіл қуантарлық. Айталық, былтыр бұл бағыттағы өсім 4% құраған. Doing Business халықаралық рейтингінде Қазақстан 36-орынды иеленді. 6 индикатор бойынша позициялар жақсарып, инвесторларды қорғау бойынша еліміз 1-орыннан көрінді.

Шиф Хемка, Sun Group вице-президенті: 

- Қазақстанға алғаш рет келген адамдар 25 жыл бұрынғы сәтті елестете алмайды. Ал, қазір жаңа дәуір басталды. Өзім кезінде Ақмолаға 1996-шы жылы келген едім. Сол уақытта мұнда кішкентай ғана қалашық болатын. Қазір бұл өлке алып шаһарға айналды. Мемлекет басшысының пәрменімен Қазақ үкіметі инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Әркез инвестициялық мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан ашық саясатының арқасында гуманитарлық,  экономикалық тұрғыда көптеген жетістікке жетті. Бұл өзгелерді таңқалдырмай қоймайды. 

Президенттің тікелей қолдауымен Тәуелсіздік алған жылдан бастап инвесторлар үшін есік айқара ашылды. Нәтижесінде экономика дамып, әлеуметтің әлеуеті артты. Бизнес климат жақсарды. Осылай деген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев елімізге қаржы бағыттап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдіктерге қолайлы жағдай жасала беретінін жеткізді.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы