361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Келер жылдан бастап жаңа халықаралық рейстер ашылады

  • 134

Алдағы жылдан бастап жаңа халықаралық рейстер ашылады.

Сингапур, Токио, Нью-Йорк бағыттары бойынша әуе қатынастары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Осылайша, Астана әлемнің 9 қаржы орталығымен тікелей әуе қатынасы арқылы байланысады. Бұл туралы «Astana Finance Days» форумында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

Шараның екінші күнінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев мәртебелі қонақтарды қарсы алды. Сөйтіп «Астана» халықаралық қаржы орталығының болашағы жайында баяндады. Премьер-министрдің айтуынша, орталық қаржы операцияларынан бөлек, әлеуетті салалар бойынша жұмыстар атқармақ. Осы мақсатта Masterсard, Visa, Microsoft сияқты ірі компаниялармен әріптестік орнады. Бұдан бөлек, баламалы энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыру жоспары бар.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

– «Астана» халықаралық қаржы орталығы «жасыл» қаржыландыру құралдарын, механизмдерін және стандарттарын енгізу үшін тиімді алаңға айнала алады. Бұл орайда, клинтек саласында Жасыл қаржылар құзыреті орталығы, сонымен қатар БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Еліміз бұл орталықты әлемдік қаржы жүйесінің бір бөлігі ретінде қарастырып отыр. Орталық Батыс Қытай, Моңғолия және «Еуропа елдері арасындағы қаржылық-экономикалық көпірге айналады», – дейді мамандар. Осы ретте қаржы орталығымен жұмыс істейтін инвесторларға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Олардың ішінде салық төлемдерінен 50 жылға босату, визалық жеңілдіктер бар.

Бандар бен Мұхаммад Хаджар, Ислам даму банкінің президенті:

– Сіздердің елдеріңізде ислам қаржыландыруы әлі де артатын болады. Біз мұндағы саясатты 1995 жылдан бері қолдап келеміз. Өйткені нақ осы жылы Қазақстан Ислам даму банкінің қатысушысы атанды. Осы уақыттан бері біздің банк тарапынан елдеріңізге 2,4 млрд АҚШ доллары бөлінді. Бұл қаржы Қазақстандағы ауыл шаруашылығын, көлік логистикасын дамытуға бағытталды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Еуразиялық экономикалық одақтың да дамуына әсер етеді. Өйткені, одақ барлық елдердің қаржы ұйымдарымен жұмыс істеуге ниетті. Болашақта Еуразиялық экономикалық комиссия цифрлық жобалау кеңсесін елордаға көшіруі де мүмкін. 

Қайрат Келімбетов, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы:

– Биыл жылдың соңына дейін мемлекеттік исламдық құнды қағаздар – сукуктар эмиссиясы жүргізіледі. Біз болашақта «Астана» халықаралық қаржы орталығын исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде көреміз. 5-7 жылда Азиядағы қаржы орталықтарының көшін бастаймыз деген сенімдемін.

Қазір 55 компания Астана халықаралық қаржы орталығымен жұмыс істейтінін растады. Оның ішінде ірі қаржы ұйымдары бар. Орталық алдағы уақытта исламдық қаржыландыру нарығының дамуына ықпал етуді көздейді. Сондай-ақ орталық жыл соңына дейін 100-ге жуық компаниямен келісім жасауға ниетті. Ал 2030 жылға дейін 30 млрд доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарда бар.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Руслан, Самат

Хабар 24 телеарнасы