352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Швейцария мен Қазақстан арасында бірлескен мәлімдеме жасалды

  • 188

Швейцариялық инвесторлар Маңғыстау облысының экономикасын дамытуға, көлік-логистикасы саласындағы бірқатар жобаны қаржыландыруға әзір.

Бүгін аймаққа Швейцарияның экономика, білім және зерттеу министрі Иоганн Шнайдер-Амманн бастаған делегация келді. Мәртебелі меймандар облыс әкімі Ералы Тоғжановпен, сондай-ақ еліміздің Инвестиция және даму министрі Жеңісбек Қасымбекпен кездесіп, ынтымақтаса жұмыс істеу туралы келісімге қол қойды.

Швейцария – Қазақстанның Еуропадағы стратегиялық әрі маңызды сауда-экономикалық әріптесі. Бүгінгі жасалған келісім бұл байланысты одан әрі нығайтпақ. Өткен жылы екі ел арасындағы сыртқы сауда айналымы 3 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл 2016 жылға қарағанда, 14% жоғары. Сондай-ақ дәл осы кезең бойынша, Швейцарияның Қазақстанға жасаған экспорты да 14% -ға өскен.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестиция және даму министрі:

– Бүгінде Қазақстанда 300-ден астам Швейцарияның компаниялары жұмыс істеп жатыр. Олар әртүрлі салаларда, тау-кен саласында, химия, машина жасау, көптеген басқа да салаларда қызмет атқаруда. Сондықтан Швейцарияның бизнес өндірушілері Маңғыстауға инвестиция құяды деп жоспарлап отырмыз.

Соңғы 12 жылда Швейцариядан Қазақстанға салынған инвестицияның көлемі 20 миллиард доллардан асқан. Министр Иоганн Шнайдер-Амманн бұл көрсеткіштің алдағы уақытта арта түсерін айтты. Швейцария инвесторлары Маңғыстаудың көлік-логистикасын дамытуға қаржы құюға әзір. Шетелдік іскерлер үшін мұнайлы өңірде барлық жағдай жасалған.

Ералы Тоғжанов, облыс әкімі:

– Соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Швейцария арасындағы жалпы тауар айналымы 7 миллиард доллардан асты, оның 99,9% – мұнай экспорты. Тауар айналымы Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық маңызы бар қуатты транзиттік және көліктік-логистикалық әлеуетінің арқасында дамып келеді, сол арқылы Шығыс Еуропа, Орталық Азия мен Солтүстік Еуропаны біріктіретін «ТРАСЕКА» және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздерінің ықпалы артып жатыр.

Шетелдің іскер тобы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы мен теңіз порттарының жұмысымен танысты. 2020 жылға қарай Қазақстанның теңіз порттары арқылы тасымалданатын жүк көлемін 60 есеге дейін арттыру жоспарлануда. Бір Құрық портының өзінен жылына 4-5 миллион тонна тауар өткізілмек.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы