369.36 436.00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтау саммиті Маңғыстау облысына инвесторлардың келуіне жол ашады

  • 186

Биылғы Ақтау саммитінде бекітіледі деп күтіліп отырған құжат ширек ғасыр жүргізілген келіссөздердің жемісі болмақ.

Сондықтан жауапты жиын қарсаңында әлем назары тағы да біздің елге ауады. Шараға әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 400 журналист келіп қатыспақ.

Ақтау саммиті қорытындысында былтыр Мәскеуде жобасы мақұлданған негізгі құжат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылады деп жоспарланған. Мұнан соң көкжиегі теңізбен шектесетін бес мемлекет ынтымақтастығының көптеген түйткілді мәселелері шешілмек.

Талғат Жұмағұлов, ҚР СІМ халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы:

- Ең бастысы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі айқындалады деп күтеміз. Теңіз түбі, суы, биоресурстары, табиғи ресурстары, теңіз үстіндегі әуе кеңістігі, кеме жүзу, балық аулау мәселелері, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сауда-экономикалық, ынтымақтастық осындай мәселелер құқықтық тұрғыдағы шешімін табатын болады.

Кезекті шара Ақтау саммиті жаңалықтарын жариялауға әлемнен 400-ге жуық журналист келеді. Бұл өз кезегінде жаһан назары тағы бір мәрте қазақ мемлекетіне ауады деген сөз.

Айгүл Демеуова, «ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы» аймақтық филиалының директоры:

- Ақтау саммиті Қазақ мемлекетіне, Маңғыстау өңіріне жаңа инвесторлардың келуіне жол ашады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шетелдік кәсіпкерлер құқықтары қорғалатын, бизнес жобаларды батыл жүзеге асыруға мүмкіндік беретін елдерді жиі таңдайды. Бұл ретте Қазақстанның беделі өзгелерден көш ілгері.

Маңғыстау өңірінің Каспий теңізі арқылы жүк өткізу-қабылдау қауқары жыл санап артуда. Қазақ елінің екінші теңіз қақпасы - Құрық порты былтыр іске қосылғаннан бері 565 паром мен 28 құрғақ жүк таситын кемелерді қабылдады. Ал Ақтау теңіз айлағынан Иран мен Әзербайжанға астық жөнелту жоспардан артық орындалып келеді. Шалғай өлкенің туризм әлеуеті де жоғары. Бұрын-соңды болмаған жобалар қысқа мерзімде іске қосылып жатыр.

Руслан Сәкеев, облыс әкімінің орынбасары:

- Біздің қалада қысқа мерзімде салынған жобалардың бірі - теңіз жағасындағы жартас маңындағы соқпақ жолды іске қосу. Бұл жобаның ерекшелігі, бұл жартасты біз түрлі-түсті жарықпен безендіретін лазерлік шоу ұйымдастыру.  Екінші жоба - теңіз жағалауы. Кеспе тастар жанып, жаңаша жарықтандыру көздері пайдаланып, соны кешкі уақытта тамашалуға мүмкіндік беріліп отыр.

Ақтау саммитінде қабылданатын құжаттар Қазақстанның мүмкіндіктерін одан әрі арттырып, Маңғыстау өңірінің туризмнің дамытуға оң ықпал етері анық. Келер бес жылда Каспий жағалауында 30-дан аса жаңа демалыс орындары бой көтермек. Бұл бағытқа 20 млрд теңге инвестиция салынады. Сәйкесінше облысқа ат басын бұратын туристер саны 3 есе өседі деп жоспарланған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Сұңғат Төлебаев

Хабар 24 телеарнасы