361.94 431.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада «1000 орын – көше саудасы» шеңберінде 600-ден астам сауда нүктесі жалға берілді

  • 140

Астанада «1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге 600-ден астам сауда нүктесі жалға берілді.

Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған жоба шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуға бағытталған. Бүгін қалалық кәсіпкерлер палатасында бағдарламаны жүзеге асырушы оператор өкілдері мен бизнесмендер бас қосты. Тараптар жобаның жүзеге асу барысын талқыға салды. Ереже бойынша жер учаскесі 7 жылға жалға беріледі. Ал сауда нүктесінің бір шаршы метрі үшін жылына 20 мың теңге төленуі тиіс. Жалға беру құны арзан болғандықтан кәсіпкерлер тарапынан сұраныс та жоғары. Осы ретте оператор аукцион жариялайды. Алайда, жерге қол жеткізген кәсіпкерлер көптеген проблемаларға тап болатынын айтады.

Данияр Оспанов, кәсіпкер:

- Аукционды ұтып, сауда нүктесі үшін 3-5 млн теңге төңірегінде ақша төледік. Алайда, бізге жоба бойынша 7 жыл берілсе, оның бір жылы бос кетті. Егер де сіздер сауда нүктесін жалға беріп тұрсаңыздар алдымен тұрғындармен, ПИК өкілдерімен барлық сұрақтарды шешкендеріңіз дұрыс. Мүмкін әкімдікпен сөйлесіп, жобаның ережелерін өзгерту керек шығар.

Нұрлан Жақыпов, «ӘКК» Астана» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

- Мәскеуде дәл осындай жоба бар. Жауапты компания сауда нүктесін өзі электр қуатымен қамтамасыз етеді. Содан кейін жерді жалға беру үшін аукцион өткізеді. Бәссаудадағы бастапқы бағасы 1 шаршы метр үшін 75 мың доллардан басталып, 100 мың АҚШ долларынан асып жығылады. Біз керісінше кәсіпкерлерге барынша қолдау жасап отырмыз. Бастысы олар заң бойынша әрекет етсе болғаны.

Жиын соңында бағдарлама операторы кәсіпкерлердің барлық шағымдары қарастырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ендігі кезекте «1000 орын – көше саудасы» жобасын жүзеге асыру үшін блокчейн жүйесі қолданылмақ. Кәсіпкерлердің өтініштері мен аукцион онлайн түрде өтеді. Бұл өз кезегінде адами факторды барынша қысқартып, орындарды ашық түрде бөлуге септігін тигізеді.

Хабар 24 телеарнасы