352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ-қытай шекарасындағы Құрғақ портында жыл сайын 500 мың контейнер жүк өңделеді

  • 249

Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Құрғақ порт» еліміздің батысындағы «Құрық» портымен тығыз жұмыс істейтін болады.

Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, жүк тасымалын жылдам әрі қолайлы етеді. Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен телекөпірде мультимодальді маршруттарды біріктіретін поезд жолға шыққан болатын. 

Құрық портының мультимодальді хабын таныстыру рәсімін Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының қызметкерлері үлкен экраннан тамашалады. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысумен өткен телекөпір кезінде Құрғақ порттан Құрық портына алғашқы жүк контейнерлері жөнелтілді. Томат пастасы тиелген жүк контейнері біраз күннен соң Италияға жетеді. 

Жасұлан Хамзин, «КТZE Khorgos Gateway» ЖШС Бас директоры:

- Біз Құрық портымен арнайы меморандумға қол қойдық. Алдағы уақытта екі порттың IT бағдарламаларын біріктіруге дайынбыз. Бұл клиенттер үшін өте ыңғайлы болар еді. Жүктерді рәсімдеу жылдамдығы артып, тасымалданатын контейнерлердің санының өсуіне септігін тигізеді. 

«Құрғақ порттың» ашылғанына биыл 3 жыл толды. Осы уақыт аралғында инфрақұрылым толық салынып, қажетті техникамен қамтамасыз етілді. Осы уақытқа дейін 211 мыңнан астам контейнер өңдеген. Порт күн сайын Қытайдан келетін 5-6 жүк поезын қабылдайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті екі есе арттыру жоспарланған. 

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Құрғақ портта алты темір жол жолағы бар. Оның үшеуі қазақстандық, үшеуі қытайлық поездарға арналған. Дәл осы жерде Қытайдан келген жүк контейнерлері қазақстандық вагондарға тиеліп, барар жеріне жөнелтіледі.

Мамандардың айтуынша темір жол тасымалының өзіндік тиімді тұстары бар. Соның бірі жылдамдық. Мысалы, теңіз арқылы 45-60 күн жүретін жерге, Қазақстан аумағы арқылы поезбен 15 күнде жеткізуге болады.

Халел Байжігітов, Алтынкөл станциясы бастығының бірінші орынбасары:

- Қытайдан бізге кірген уақыттан 3 сағат 50 минуттың ішінде біздің станциядан қозғалып кетеді. Бұл поезға біз өте жоғары деңгейде көңіл бөлеміз. Өйткені технологиялық процесте бұл қарастырылған. 3 сағат 50 минутта кету керек. Алдын ала вагондар дайындаймыз. Техникалық байқаудан өтеді. Содан кейін тепловоз дайындап қоямыз.

Жалпы «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының көлемі 4,5 мың гектардан асады. Бүгінде оның 680 гектарына инфрақұрылым тартылған. Қалған жер резервте тұрады. Құрғақ порттан өзге бұл жерде логистикалық және индустриалдық аймақ бар. Қазіргі уақытта астық өңдейтін және жем азығын шығаратын алғашқы заводтардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Жеңісбек Жұтанов, «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА аппарат басшысы:

- Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан барлық инфрақұрылым толық соғылып бітті. Міне енді қазір біздің жобамыздың екінші кезеңі басталды. Екінші кезеңі ол осы аумақты инвестициялық жобалармен толтыру. Сол қатарда енді мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай көрсетілген инвесторларға. Ол деген салық жағынан жеңілдік, кедендік жеңілдіктер.

Ал Құрғақ порттың әлеуеті күн санап артып келеді. Алғашқы жарты жылдықта 65 мың жүк контейнері өңделсе, жыл соңына дейін 240 мыңға жеткізу жоспарда екен. 2020 жылға қойылған меже бұдан да биік. Аздаған уақыттан соң Құрғақ порты арқылы жылына 500 мың жүк контейнері өңделетін болады.    

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы