352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік тасымалдар көлемі жеті айда 40% өсті – ҚР ИДМ

  • 101
Қазақстан арқылы өтетін контейнерлік тасымалдар көлемі жеті айда 40% өсті – ҚР ИДМ

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында 2018 жылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындыларын шығару аясында өнеркәсіптік өндірісті дамыту туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Ж.Қасымбектің мәлімдеуінше, 2018 ж. 7 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1%-ға өсті. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өсім – 5,4%, өндеу өнеркәсібінің өсімі – 4,9%. 14 өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі өсіп отыр.

Тау-кен өнеркәсібінде түсті металдар кенін өндіру көлемі 3,1%-ға және темір кенін өндіру көлемі 7,4%-ға өсті.

«Өсім «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-да темір кенін өндіру көлемінің артуы есебінен орындалып отыр. Түсті металдар кенін өндіру көлемінің өсімі «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-де, «Коппер Технолоджи» ЖШС-де мыс кенін және «Қазақстан алюминий» АҚ-да боксит өндіру көлемінің артуымен байланысты», – деді Ж.Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, өңдеу өнеркәсібінде металлургия өнеркәсібінің 3,6%-ға, химия өнеркәсібінің 10,9%-ға, машина жасаудың 16%-ға, жиһаз өндірудің 5,2%-ға және жеңіл өнеркәсіптің 2,3%-ға өсімі байқалады.

Көлік кешені бойынша жопарлы көрсеткішке қол жеткізілді. Мұнда қаңтар-шілде айларында нақты көлем индексі 104,9%-ды құрады.

«2018 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы 250,8 мың контейнер тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өскен. ҚХР – ЕО – ҚХР бағыты бойынша бұл көрсеткіш 143,9 мың контейнерге жетті. Яғни, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63%-ға өсіп отыр. Көлік қызметінің кірісі 17,5%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады», – деді министр Ж.Қасымбек.

Бұған қоса, құрылыс бойынша нақты көлем индексі 101,3% болды. 13 облыста оң қарқын байқалады. Ал, төрт өңірде көрсеткіштің төмендеуі белгіленген: Астанада, Шымкентте, Атырау және Павлодар областарында.

Ж. Қасымбектің айтуынша Астана қаласында көрсеткіштің төмен болуы былтыр «Экспо-2017» нысандарының, «Mega Silkway» СО құрылысының, әуежайдың жаңа терминалының және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы құрылыстарының жоғары қарқынмен жүргізілгеніне байланысты болып отыр. Шымкент қаласында көппәтерлі тұрғын үйлер құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді.

Атырау облысында өнеркәсіп нысандары мен магистральді құбыр құрылысының жұмыс көлемі төмендеді. Павлодар облысында көрсеткіштің төмен болуы Павлодар мұнай химия зауытын жаңарту жұмыстарының аяқталуымен байланысты.

Сонымен қатар, тұрғын-үй құрылысы бойынша «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 608 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдағы деңгейден 129,7%-ға жоғары.

«Жалпы көлемі 6,8 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жылдық жоспарының 55,8%-ы орындалды. Жалпы республика бойынша 58 мың баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 23 662 жеке үй бар», – деп мәлімдеді министр.

Осы қарқынды төмендетпей, оған қоса «7-20-25» ипотекалық несиелеу бағдарламасы ойдағыдай іске асырылса, Ж. Қасымбектің айтуынша, жылдың соңына дейін тұрғын үй құрылысының жоспарлы көрсеткіштері орындалады.

«Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Министрлік жетекшілік ететін барлық салалар бойынша жоспарланған нақты көлем индексіне қол жеткізу көзделіп отыр», – деді Ж.Қасымбек.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі жеті айда 3,5%-ға өскенін айтты.

«Өсімге мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін 4,1%-ға арттыру есебінен қол жеткізілді. Сонымен қатар, осы кезеңде азық-түлік тауарларын өндіру 4,4%-ға ұлғайды», – деді Б.Бейсенғалиев.

Вице-министр республикалық бюджетті орындау аясында Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2018 жылы 355,5 млрд тг бөлінгенін атап өтті. Есепті кезеңде игеру жоспары 240,2 млрд тг құрады, нақты 233,2 млрд тг немесе жоспардың 97,1% игерілді.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы