359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізге қомақты қаржы құйған ирандық инвестордың құқығы қорғалды

  • 109

Қазақстанда еңбек ететін шетелдік инвесторлар ерекше қорғауға алынды. Қаржыгерлер тарапынан арыз-шағым көбейген соң биыл сәуір айында олардың құқығын қорғау туралы меморандумға қол қойылған еді.

Осыдан кейін, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары тексерісті күшейтіп, мәселенің жай-жапсарын анықтады.  

Арман Джавиданның Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына 4 жылға жуықтаған. Осы аралықта парсылық кәсіпкер мал шаруашылығын дамытуға  15 млрд теңге жұмсаған екен. Жамбыл ауданында салып жатқан ет комбинаты – қалдықсыз өнім өндіретін кәсіпорын. Бірақ жергілікті көші-қон полициясы тың жобаны толықтай іске асыруға кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Олар Ираннан келген бірнеше маманды «көші-қон заңын бұзды» деген желеумен, елдеріне қайтармақ болыпты.        

Марк Бейдали, «Kazakh Invest» ҰК өңірлік директоры:

– Төлқұжаттарын тартып алып, елден аластатып жібермек болған. Мұндайға шетелдік инвесторлар үйренбеген. Өзге елдерден келген қаржыгерлердің көбі заңды толық білмегендіктен осындай кедергілерге тап болады.

Қаржыгерлердің құқығын қорғау үшін биыл сәуір айында еліміздің сыртқы істер министрлігі, антикорупциялық ведомство мен инвестиция және даму министрлігі арнайы меморандумға қол қойған еді. Енді Қазақстан нарығына 1 млрд теңгеден аса қаржы құйған инвесторлар жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі мамандарының көмегіне жүгіне алады. Мұндай мүмкіндікті ирандық кәсіпкер толық пайдаланған.

Арман Джавидан, инвестор /Иран/:

– Біз мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін білеміз. Барлығы заңды. Осыдан кейін, еш алаңсыз жұмыс істей беруге болады. Қазақстанда жүзеге асырғымыз келетін әлі бірнеше жобамыз бар.

Қазір Алматы облысында 50 ірі инвестор жұмыс істейді. Шетелдік фирмалардың тоғызы – трансұлттық компания. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің өкілдері өңірдегі қаржыгерлердің барлығымен жүздесіп, 10 шетелдік компания иесімен арнайы келісімге келген. 

Ләззат Бейсеқұлова, ҚР МҚІСЖҚІА облыс бойынша департамент басшысының орынбасары:

– Талдықорғанда ірі кәсіпорын салған қытайлық кәсіпкер өндіріс орнын іске қосарда жергілікті билік өкілдерінің қысымына ұшыраған еді. Біздің араласуымызбен кедергілердің барлығы жойылды. Қазір аталған кәсіпорын тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.   

Агенттік қызметкерлері шетелдік инвесторлардың құқығы жіті қорғала бастағаннан кейін оларға қысым көрсетушілер саны күрт сирегенін айтады. Сәуір айынан бері құзырлы орындарға тек 2 кәсіпкер шағымданған екен. Бұл жүйелі жұмыстың жөнді атқарылып жатқанын аңғартса керек.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Асқар Серғалиев, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы