352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанада Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері бас қосты

  • 116

Бүгін Астанада Қазақстан-Қытай бизнес форумы өтті.

Сол жиында да көрші елге отандық өнімдерімізді өткізу жайы қаралды. Қытай қазір Қазақстанның сапалы ауыл шаруашылығы өнімдеріне зәру. Әсіресе, ұн, ет, балық және күнбағыс майына.

«Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық ынтымақтастықтың тиімді құралына айналып келеді. Оның аясында қазақ-қытай қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Соңғы бес жылда тауар айналымы едәуір өсіп, былтыр 11 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Бұл көрсеткіш жоғарылай түспек. Оған екі жақ та сенім артып отыр. Осы бизнес форумда 400-ге жуық іскерлік өкілдері тауар айналымын арттыру жолдарын талқылады. Форум қатысушыларына екі елдің мемлекет басшылары бейнеқұттықтау жолдады. Онда Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамып келе жатқандығы, оны әлі де дамытып, инвестиция тарту қажеттігі айтылған. Бұл орайда қытайлық компаниялар түрлі салалар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ынталы.

Чен Шибо, Қытай компаниясының өкілі:

– Біз Қытай нарығында қазақстандық өнімді ұлғайтқымыз келеді. Өйткені мұнда ауылшаруашылық тауарлары мол. Бұл – біздің басты мақсатымыз. Мәселен, Қазақстаннан ұн, май және кондитерлік өнімдердің импортын арттырудамыз. Сонымен қатар қой етін де сатып алуды жоспарлап отырмыз. Келер жылы сауда-саттық көлемін 100 млн АҚШ долларына жеткізуді көздеп отырмыз.

Соңғы бес жылда Қазақстан мен Қытай арасында 127 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Биылдың өзінде 13 млрд долларлық 40 құжат бекітілді. Мұны еліміздегі ірі инвестициялық жобалардың қатарына қосуға болады. Қазірдің өзінде 51 жоба іске асырылып жатыр.

Қос елде сауда-саттық көлемі артып, бiрлескен кәсiпорындар көбейді. Биылдың өзінде төрт жоба іске қосылады. Еске салайық, Қазақстанға тікелей инвестиция құю көлемі бойынша Қытай 4-орында тұр. Аспан асты елінің жоғары теxнологиялық тауарлары Қазақстан нарығына шықты. Ал Қазақстан астық импорттаушылардың төрттігіне енді. Өткен жылы табиғи газымыз алғаш рет Қытайға экспортталды. Энергетика, пайдалы қазбалар, xимия өнеркәсібі және тағы басқа салаларда ірі жобалар қолға алынды.

Сапарбек Тұяқбаев, «Kаzakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:

– Жақында ғана қол жеткізілген жобаларға келетін болсақ, ірі биотехнологиялық кластер Қытайда қол қойды. Одан басқа күн сәулесін Қазақстанда шығару қолға алынып жатыр. Бұл – төрт тарапты Франция, Қытай Ресей, қазақстандық кәсіпкерлердің біріккен жобасы. Еуроодақ бағытындағы жобалар да қолға алынып жатыр.

Мамандардың айтуынша, көрші елмен арадағы барыс-келісті тіптен бұдан да арттыра түсуге болады. Ол үшін бірқатар тежегіш факторды жою қажет. Сонда алып нарыққа жол айқара ашылады.

Нұралы Бөкейханов, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы төрағасының орынбасары:

– Біріншісі – екі елдің арасындағы Қытай тарапынан жасалған шектеулер. Ол Қазақстанға ғана емес, басқа мемлекеттерге де қойылады. Қазіргі кезде 180-нен астам компания инспекциядан өтті.

Бүгінде тараптар арасында жүзеге асырылған жобаларды айта кетейік. Олардың бастысы – Батыс Еуропа-Батыс Қытай транзиттік дәлізі, Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы сияқты ірі жобалар.Ал транзиттік әлеуетті дамытуға құрғақ порт пен Құрық порты үлес қоспақ. Алдағы уақытта көрші елмен агроөнеркәсіп, биотехнология, медицина саласында да жаңа келіссөздер жасалады деген жоспар бар.

Хабар 24 телеарнасы