359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Соңғы жарты жылда қазақстандық кәсіпорындар Қарашығанаққа 200 млн АҚШ доллары көлемінде өнім жеткізген

  • 132

«КПО Б.В» компаниясы Қарашығанақтағы шетелдік мердігерлерді қазақстандық қондырғылар мен материалдарды сатып алуға міндеттейді.

Қарашығанақ кенішін игеру ісінде жергілікті үлесті дамыту мен отандық бизнестің қатысу мәселелері бүгін Астанада өткен форумда талқыланды.

Шара барысында жобалау, сатып алу мен құрылыс саласында қызмет көрсететін 130-дай отандық және халықаралық компаниялар өзара әріптестікке шақырылды. Қарашығанақ мұнай-газ кенішін ұлғайтудың бірінші кезеңі де жақын қалды. «КПО Б.В» компаниясы жобада қазақстандық үлесті дамытуға міндеттеліп отыр. Бірақ ол үшін отандық өнімдер халықаралық стандарттарға барынша сай болуы керек. Форумда жеткізушілер инвесторлардың тендерлік талаптарымен танысып, жоспарларынан хабардар болды.

Марат Кәрімов, КПО компаниясы директорының орынбасары:

– Жұмыс жасау және қызмет көрсету салаларында қазақстандық қамту деңгейі 70 процентке жетіп отыр. Ендігі біздің назарымыз қазір Қазақстанда жасалатын тауарларға ауып отыр. Егерде 3-4 жыл бұрын біз Қазақстанда жасалатын тауарлардың ішінен жанар-жағармай не болмаса құрылыс материалдарын алатын болсақ, қазір жоғарғы технологиялық материалдарды, тауарларды алып отырмыз. Осы жұмыс өзінің жалғасын табатын болады.

Бүгінде жобаға қатысу үшін шетелдік және жергілікті кәсіпорындарға ірі келісімшарттар бойынша бірлескен кәсіпорындар құру туралы талап қойылады. Жуық арада жеткізушілер біліктілігін қайта шыңдауға тура келеді. Осылайша, шетелдік мердігерлер қазақстандық қондырғылар мен материалдарды сатып алуға міндеттеледі. Бұл сырттан инвестиция тартып, жаңа технологияларға жол ашады.

Мұрат Журибеков, «PCA» ЖШС бас директоры:

– Бүгінгі таңда Қарашығанақ жобасы Қазақстан мұнай-газ индустриясының ішінде үлгілі жоба болып табылады. Осы 20 жылдың ішінде КПО-нің Қазақстанның үлесін өсіру үшін істеген жұмыстары өте зор. Алда келе жатқан кеңейту жобасы біздің табыстарымызды көбейтеді.

Соңғы жарты жылда қазақстандық кәсіпорындар Қарашығанаққа 200 миллион АҚШ доллары көлемінде өнімдер жеткізіп, қызмет көрсеткен. Тұтастай алғанда, жобадағы жергілікті үлес 56 пайыздан асты.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы