359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Анкарада қазақ-түрік әріптестігін кеңейту мәселелері талқыланды

  • 94

Қазақ-түрік іскерлік байланысы жандана түспек. Бүгін Анкарада екі елдің кәсіпкерлері бас қосып, әріптестіктің көкжиегін кеңейту жайын талқылады.

Жиында жалпы құны 1,5 млрд доллардан асатын жобалар қаралды. Ең сүбелі құжаттар - Түркістан облысында күн энергиясын дамыту, Алматыда әлеуметтік нысандарды басқаруға беру және Жамбыл облысында кальций қосылған соданы өндіру бойынша жасалған келісімдер. Айта кетейік, инвестициялық форум Елбасының Анкараға жоспарланып отырған ресми сапары аясында өтуде.

Әсем Қабылбек, тілші:

- Қазақ-түрік саяси-экономикалық байланысы ұдайы кеңейіп келеді. Ортақ тарихи тамырдан нәр алатын байырғы байланыстар стратегиялық сипат алды. Бүгін Анкарада Түркия-Қазақстан инвестициялық форумы өтті. Арамыз алшақ демесеңіз, қатынас жақын.

Екі ел ынтымақтастығының маңызды бағыты саудадағы әлеуетті дамыту болып отыр.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

- Бұл форумда жүздеген компаниялар қатысып отыр. Химия, металлургия, ауыл шаруашылығы басқа салаларда жалпы Түркия Қазақстан үшін үлкен инвесторлардың бірі. Қазақстан мен Түркияның сауда айналымы соңғы жылдың қорытындысы бойынша 2 млрд доллардың маңайында болған. 2016 жылмен салыстырғанда 28-30 пайызға өсті. Биыл да осындай трендтер бар. Жалпы Түркия стратегиялық партнер болып табылады. Күн энергиясын, жел энергиясын пайдалану осындай салаларды бүгін осы форум аясында бірнеше келісімге қол қоямыз.

Бауырлас елдердің іскерлері бас қосқан бизнес форум кезінде бірлескен жобалардың тізбесі жасалды. Ол тізімге жалпы құны 1,5 млрд доллардан асатын 20-дан астам бизнес бастама енді. Жиында сауда-экономикалық, инвестиция мәселелері жан-жақты талқыланып, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Қос тарапқа да тиімдісі осы.

Метат Генигүн, DEIK басқарма төрағасы:

- Бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы форумда сыртқы экономикалық кеңес атынан бәріңізге сәлем жолдаймын. Достық, бауырластыққа негізделгее байланыстарымыз ширай түспек. Орталық Азияда орналасқан Қазақстанның 1200-ден астам минералды ресурстары бар. Цинк, вольфрам, хром ресурстары бойынша дүниежүзінде бірінші орында. Уран жөнінен екінші, мыс бойынша үшінші орынды иеленіп отыр. Түркия өңдеу саласына басымдық беруге дайын.

Бауырлас екі ел бүгінде «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын қолға алған. Бағдарлама құрылыс, өндіріс, машина жасау, инфрақұрылым, химия екі елдің барлық салалардағы әріптестігін мығымдауға жол ашады.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы сомасы 4,3 млрд доллар 75 инвестициялық жоба іске асуда. 2016 жылдан бастап «Жаңа Синергия» бағдарламасы бойынша Түркия капиталы мен технологиясы қатысуының арқасында индустриялдық және инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. 2020 жылға дейін Түркия-Қазақстан арасындағы транзиттік әлеуетін 5 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатқа Құрық порты дайын.

Түркия - инфрақұрлымы дамыған аса маңызды транзиттік ел. Қазақстан тарапы Анадолы елін «Нұрлы жол» бағдарламасына және Қазақстанның инвестициялық бағдарламасына қатынасуға шақырды.

Жиында айтылған бастаманың бірі оңтүстік экономикалық аймағы түріктердің басқаруына берілуі мүмкін. Қазақстан жаңадан құрылған Түркістан облысын дамыту үшін түрлі ұсыныстарды қарауға дайын. Аймақты өркендету басты міндет.

Әсем Қабылбек, тілші:

- Жалпы еліміздің сыртқы сауда айналымындағы Түркияның үлесі 3,1% пайызды құрайды. Іскерлік байланыстарға қатысты диалог ертең де жалғасын табады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Анкараға келеді. Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездеседі. Бұдан өзге Анадолы елінің бизнес капитандарымен жүздеспек. Яғни ірі компаниялар мен холдинг басшыларымен бір үстел басында келіссөздер жүргізеді. Бұл қол жеткізілетін келісімдердің саны тағы еселенеді деген сөз.

Авторлары: Әсем Қабылбек, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы

Хабар 24 телеарнасы