352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақ-түрік кәсіпкерлерінің бірлескен жобалары ел өңірлерінде табысты жұмыс істеп тұр

  • 47

Қазақ-түрік арасындағы әріптестік байланыс жылдан жылға нығайып келеді.

Бүгінде екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп бастаған жобалары еліміздің барлық өңірлерінде табысты жұмыс істеп тұр. Түрік ағайындар әлі де қарым-қатынасты жақсартып, ірі көлемде инвестиция құюға ниетті. Мәселен, Жамбыл облысында кальцийлендірілген сода өндірілмек. Қазір бірнеше кен орындарында барлау жұмыстары басталды. Жоспар жүзеге асса, Әулиеата жерінде жылына 400 мың тонна сода өндіріледі.

Қазір барлау жұмыстары Соркөл және Сарыоба кен орындарында жүргізілуде. Бұл жұмыстарды 2019 жылы аяқтап, өндіріс орнын толықтай 2021 жылы іске қосу жоспарда. Аталған жобаға түріктер 270 миллион доллар көлемінде инвестиция салмақ. Жаңа зауыт ішкі нарықты жоғары сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кеткен жөн, Қазақстан бүгінде кальцилендірілген соданы өзге елдерден импорттап отыр.

Ал Шымкентте түркиялық инвесторлардың қатысуымен аяқ киім өндірісі қолға алына бастады. Мұнда шикізат түрік елінен жеткізіледі. Қазір фабрикада күніне 150 жұп аяқ-киім шығарылып, Астана, Алматы мен Шымкент нарығына босатылып жатыр. Жоба құны 403 миллион теңге. 90 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта әйелдер мен балаларға арналған аяқ киімдерді тігу жоспарда.

Нұрсұлтан Балабиев, фабриканың бас директоры:

- Қазір біз қысқы маусымға дайындықты бастап кеттік. Мақсатымыз іші жылы, терісі сапалы аяқ киімдерді шығару. Сапалы өнім ұсыну үшін шикізатты шетелден алудамыз. Ал біздегі терілер бренд қалыптастыра алмайды. Тауар шығаруды көбейтсек, Орта Азия мен ТМД-ның нарығына шығамыз деген жоспар бар.

Ақтөбе облысында түркиялық ірі холдинг құрамына кіретін екі серіктестік хром рудасы мен хром концентратын ұсақтаумен айналысады. Олар игеріп отырған кен орнында 19 миллион тонна хром оксидінің қоры бар. Компания 2016 жылы өндіріске 3,2 млрд теңге инвестиция құйып, жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Одан бөлек, кен орнына жақын орналасқан ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмек берген. Кәсіпорында 800 адам тұрақты еңбек етеді.

Ермек Шоқаев, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы бөлім басшысының м.а:

- Бұл компаниямен өндірісті жаңғырту жөнінде арнайы жол картасына қол қойылды. Яғни 2018-2022 жылдары 1,9 млрд теңге инвестиция жұмсайды. Нәтижесінде еңбек өнімділігі 15%-ға өсіп, өнімнің өзіндік құны 7%-ға төмендейді де күтілуде. Сонымен бірге өңірдің экологиялық ахуалын жақсартатын шаралар қолға алынады.

2020 жылы Қызылорда облысында жылдық қуаттылығы 24 мың тонналық томат пастасы зауытын іске қосу жорпарланып отыр. Ол үшін Жаңақорған ауданынан 3 мың гектар жер телімі бөлінді. Түркиялық инвесторлармен бірлесіп қолға алынған жоба құны 8,8 млрд теңге. Аталған жоба аясында биыл Түрік компаниясы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 10 гектар жерге томаттың 4 түрлі сортын тамшылатып суару әдісімен сынақ түрінде егіп көрді. Оның нәтижесі жуық арада белгілі болады.

Ринат Сұлтангереев, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:

- Зауыттың құрылысы аяқталып, өнімге шығатын болса, инвесторлар шаруашылықтар үшін егін басындағы шығындарды, күтімді, көшеттерді сатып алып беруге, өзі қаржыландыруға дайын. Күзде өнім жинаған кезде өнімін тағы да сатып алады.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан өндіріс орнына қажетті инфрақұрылым тартылады. Ал зауыт іске қосылғаннан кейін 154 адам жұмыспен қамтылады. Мұнан бөлек, Жаңақорған, Шиелі ауданындағы жылыжай шаруашылығымен айналысуышы кәсіпкерлер үшін нырақ аясы кеңейді, - дейді мамандар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Нұрбек Байбосын, Ақсәуле Байменшина, Нұрлан Жақыпбеков

Хабар 24 телеарнасы