352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі рекордтық көрсеткішке жетті

  • 131

Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі 12 есеге дейін артып, бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетті.

Бұл туралы Киевте өткен Украина Petroleum Market деп аталатын халықаралық конференция аясында мәлім болды. Ресей, Беларусь, Сербия, Әзербайжан әрі Чехия елінің отын операторлары бас қосқан жиынға қазақстандық компаниялар да қатысты.

Соңғы сегіз айдың көрсеткіші бойынша елімізден Украинаға 170 мың тоннадан артық мотор отыны тасымалданыпты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осылайша, қазақстандық өнім Украинадағы авто-газ дағдарысын еңсеріп, бағаның шарықтап кетпеуіне көмегін тигізіп тұр. Украина Petroleum Market халықаралық конференциясына қатысқан Қазақстан елшілігінің өкілі Арнұр Таңбай мұндай тасымал екі елге де тиімді екенін айтады.

Арнұр Таңбай, Қазақстанның Украинадағы Төтенші және Өкілетті елшілігінің кеңесші:

– Украинаның сұйытылған газ нарығы өте көлемді, ол шамамен соңғы жылдары 25-30 пайызға өсіп келе жатыр. Мысалы, осы газдың түрін қолданатын автокөліктердің саны бойынша Украина әлемде төртінші орында тұр. Сондықтан бұл нарық Қазақстан үшін өте маңызды. Біз Украинаға газ тасымалдауды көбейтіп жатырмыз. Басқа жағынан Украина өзі де осы газдың импортына өте тәуелді мемлекет болғандықтан, Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі.

Еуропалық сұйытылған газ қауымдастығының мүшесі Станислав Батраченко қазақстандық өнімнің сапасына сүйсінеді. «Қазақ ресурсын трейдерлер тұрақты тасымалдайды, бұл Украина нарығы үшін ең маңызды саясат», – дейді сала сарапшысы.

Станислав Батраченко, Еуропалық сұйытылған газ қауымдастығының мүшесі:

– 2018 жылдың 8 айында да қазақстандық өнім тұрақты тасымалданды, бұл бізді қуантады әрі нарықтағы баға саясатын тұрақты ұстап тұруға сеп. Отын нарығының операторы ретінде өнімнің сапасы тамаша деп баға бере аламын. Газ еуропалық EN 589 сапасына сай және қолдануға тиімді, пропанды тұрмыста тұтынатын халыққа бөлек, бутанды автокөлік үшін бөлек жаратуға болады.

Украина Petroleum Market халықаралық конференция аясында мәлім болғандай, қазіргі күні қазақ газының Украина нарығына тасымалданатын импорттық үлесі 30 пайызды құрайды. Қазақстаннан Украинаға өнім жеткізетін кәсіпорын әрі трейдерлердің жалпы саны онға жетеді. Сала мамандары жыл соңына дейін Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газдың көлемі 200 мың тоннадан артады деп болжайды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Михаил Мищенко

Хабар 24 телеарнасы