352.90 417.80 5.31
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде құны 27 млрд доллар болатын өндіріс орындары іске қосылады

  • 167
Елімізде құны 27 млрд доллар болатын өндіріс орындары іске қосылады

Қытай – Қазақстанның ең негізгі сауда әріптестерінің бірі.

Екі ел арасындағы тауар айналымы биыл жарты жылдықта 13 пайызға өсіп, 8,76 миллиард АҚШ доллары болды. Бұл туралы Бейжіңде өтіп жатқан халықаралық өндірістік форумда баяндама жасаған Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Шахрат Нұрышев мәлімдеді. «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасы Жібек жолы экономикалық белдеуімен ұштасып, инвестиция және индустрализация саласында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Нәтижесінде, жалпы құны 27 миллиард доллар болатын заман талабына сай өндіріс орындары іске қосылады. 20 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Қазірдің өзінде машинақұрастыру, көліктік-логистика және агроөнеркәсіп кешендерін қамтыған жобалар жүзеге асырылды. «Сонымен қатар қазақ елі аймақтың экономикалық дамуы мен тұрақтылығы үшін қазіргі алаңдардың мүмкіндігін пайдалануды қолдайды», – дейді Шахрат Нұрышев. Соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолы экономикалық белдеуі бірін-бірі толықтырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Өйткені Еуразия құрлығындағы әріптестік байланыс барлығына тиімді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Еуроодақтың арасын байланыстыратын көпір бола алады деп есептейді.

Цзияньгуо Вэн, Шаньдун медициналық компаниясының өкілі:

– Бұл форумға қатысудағы мақсатым – ТМД елдерінің нарығына шығатын серіктес қарастыруға келдім. Соның ішінде Қазақстан, Ресей елдерімен бірлескен дәрі-дәрмек өндіретін компания құруды көптен бері жоспарлап отырмыз. Бізде технология бар. Ал Орталық Азияның климаттық жағдайы дәрі-дәрмек өндіруге өте қолайлы. Биофармацевтикалық өнім Қытай ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ нарығында да сұранысқа ие болады.

Хабар 24 телеарнасы