«Бастау» жобасы бойынша бизнес бастау оңай болмай тұр

«Бастау» жобасы бойынша бизнес бастау оңай болмай тұр

Елімізде «Бастау» бизнес жобасы шу тудырды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 19 сәуірден бастап «Бастау»-ға құжат қабылдауды бастаған еді.

Алайда өңірлерде осы бағдарламаға қатысқысы келетіндер бір жапырақ жолдама қағазын алу үшін ұзын сонар кезекке тұрды. Мәселен мына әуесқой бейнетүсірілімде Жұмыспен қамту орталығының алды халыққа лық толғаны байқалады. Карантин талаптары сақталмай, адамдар бір-бірінің үстіне шығып, кейбірі ғимаратқа терезе арқылы кіруге талпынып жатыр. Бәрі де жолдамаға қол жеткізудің қамымен жүр. Биыл өткен жылмен салыстырғанда "Бизнес бастау" бағдарламасына сұраныс 2,5 есеге артқан. Жоба бойынша жыл сайын 30 мыңдай шәкірт арнайы курстан өтіп, оқуын аяқтайды. 

Нариман Әбілшайықов, «АТАМЕКЕН» ҰКП Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Пандемияға байланысты былтырдан бастап «Бастау бизнеске» құжаттарды қабылдау және курсты тәмәмдау бізбенен онлайн форматта өткізіліп отыр. Бұл «Атамекен СИО» платформасында қарастырылған. Оқимын деген адам порталға келеді де, өзінің төлқұжатын немесе куәлігін бекітіп одан басқа екіншісі направление дейміз соны осы жерге тіркейді. Направлениеге байланысты осы Қызылорда, Тараз қалаларында шу болып отыр. Неге десеңіз, бұл направлениені сондағы жергілікті жұмыспен қамту орталықтары беріп отыр. Бұл қағаз түрінде беріледі, оны электронды алуға мүмкіншілік жоқ. Осы бағыттаманы алу үшін проблемма осыдан туындап отыр.