«Air Astana» компаниясы алдағы он жылда 39 ұшақ сатып алуды жоспарлаған

«Air Astana» компаниясы алдағы он жылда 39 ұшақ сатып алуды жоспарлаған

Қазақстан әуе компаниялары қыруар шығынға батып жатыр. 2021 жылдың алғашқы тоқсанында оның көлемі 12 миллиард теңгеге жеткен. Яғни отандық компаниялар өткен жылғы жағдайдан кейін әлі есін жиған жоқ.

Айта кетейік, короновирусқа байланысты әуе рейстері толықтай дерлік тоқтатылған болатын. Ол кезде шығын көлемі 350 миллиард теңгеден асып түсті. Қазіргі таңда ішкі бағыттар бойынша ұшақтар қатынап жатыр. Ал халықаралық рейстер 23 процентке ғана жанданды. Бұл әуе компанияларын кәдімгідей тығырыққа тіреді. Мәселен, «Air Astana» жолаушыларының 27 процентін, ал «SCAT» жартысынан астамын жоғалтты. Қаңтар айынан бастап отандық компаниялар 2 миллионға жуық адамды тасымалдаған. Әзірге шығынын жауып, біртіндеп пайда көріп жатқан жалғыз компания бар. Ол «Qazaq Air». Өйткені ол ішкі рейстерді ғана орындайды.  

Тимур Тілегенов, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті басқармасының жетекшісі:

- «Ашық аспан» режимі нарыққа жаңа әуе компанияларын тартып, жаңа бағыттарды ашады деп үміттенгенбіз. Халықаралық тасымалдаушылар үшін барлық шектеу алынып тасталды. Бірақ коронавирусқа қатысты жағдай жоспарды быт-шыт қылды. Мәселен, пандемияға дейін біз 26 елмен байланыс орнатқан едік. Яғни аптасына 99 бағыт бойынша 440 рейс қатынады. Ал қазір 13 елмен ғана әуе қатынасы жанданды. 26 бағытқа қатынаймыз. Әуе рейстарінің саны аптасына 104 ғана. 

Шығынның аяқасты артуы әуе паркін жаңартуға мүмкіндік бермей отыр. Мәселен, «Air Astana» компаниясы алдағы 10 жылда 39 жаңа ұшақ сатып алуды жоспарлаған. Бірақ қалыптасқан жағдайға байланысты бәрі кейінге қалды. Енді ол жолаушылар ағыны жақсарып, экономикалық жағдай тұрақталғаннан кейін ғана жүзеге асады. Есесіне «Air Astana» жүк тасымалына қатты басымдық беріп отыр. Бұрын жолаушыларды тасыған «Боинг-767» ұшақтары қазір жартылай жүк таситын әуе кемесіне айналды. Жалпы негізгі әуе тасмалдаушыларда қазір 60-қа жуық ұшақ бар. Олардың ішінде «Qazaq Air» әуе кемелері салыстырмалы түрде жаңа. Ұшақтардың шыққанына 3 жылдан аса уақыт өтті. Ал «SCAT» ұшақтарының қатынап жүргеніне кемінде 12-13 жыл болды.

Басқа елдерде де осыған ұқсас жағдай болды. Тіпті биыл әлемдік авиацияның шығыны 47 миллиард долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. Ал өткен жылы көрсеткіш 3 есеге жоғары болды. Әуе қатысының халықаралық қауымдастығы бұл жағдай 2023 жылдан кейін ғана тұрақталатынын алға тартады.