«Бюджетке қатысу» жобасына ұсыныстар қабылдау басталды

«Бюджетке қатысу» жобасына ұсыныстар қабылдау басталды

Алматыда «Бюджетке қатысу» жобасына ұсыныстар қабылдана бастады.

2020 жылы тұрғындардан 796 ұсыныс түсіп, оның 276-сы бюджетке кірген. Бұл ұсыныстар жыл соңына дейін толық іске асырылады.

«Бюджетке қатысу» бағдарламасы алматылықтарға, ашық дауыс беру арқылы, қала бюджетін қажет бастамаларға бағыттауға мүмкіндік берді.

«Бірінші шағын ауданға қарасты мына аумақта бұрын жабайы шөп өсіп, ағаштары қараусыз қалған еді», – дейді жергілікті тұрғындар. Олар көпшілікке арналған саябақтың сызбасын жасап, «Бюджетке қатысу» жобасына ұсыныс береді. Тұрғындар белсенді дауыс беріп қолдаған соң, жоба бекітіліп, мемлекет қаржысына саябақ салынып, жаттығу алаңы жасалды.

Марина Григорьева, қала тұрғыны:

– Осындай демалыс аумағы өте қажет еді. Бұрын адам аяқ баспайтын жер болатын. Қалың шөп басып, шіріген талдар өсіп тұратын. Қазір міне айнала абаттандырылды. Кешке қарай шамдары жанады. Үлкен де, кіші де серуендеп, демалатын жерге айналды. Біз өте қуаныштымыз.

Илья Игнатов, қала тұрғыны:

– Достарыммен осы жерге келіп ойнаймыз. Бұрын бұл жер бос жатқан. Қазір айнала жап-жасыл, орындықтар әдемі, спортпен де шұғылдануға болады.

«Бюджетке қатысу» жобасына 2019 жылы тұрғындар тарапынан 333 ұсыныс түссе, былтыр олардың саны 800-ге жуықтапты. Мақұлданған 276 жоба жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жобада негізінен аулаларды абаттандыру көзделген. Сондай-ақ, ұсыныстың құны 58 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Жанар Жазылтаева, қалалық стратегия және бюджет басқармасы басшысының орынбасары:

– Қаржыландыруды біз жыл сайын бюджетке қарай анықтаймыз. Мысалы былтырғы жылы әрбір ауданға 800 миллионнан бердік. Ал 2019 жылы 500 миллионнан бердік. Енді 2021 жылы сол 800 миллионның маңайында әрбір ауданға қалдырамыз деп отырмыз. Әр аудан 800 миллионнан алса, 6,4 миллиард тенге бюджеттен көзделіп отыр осы жобаға. Яғни, әрбір ұсыныс 58,3 миллион теңгеден аспау керек.

23 тамызда «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша өтініштерді қабылдау басталды. Қала тұрғындары 1 қазанға дейін budget.open-almaty.kz порталы арқылы аулаларды абаттандыру бойынша ұсыныс бере алады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Нұрдәулет Жақсыбаев