Шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға арналған тұжырымдамасы әзірленеді

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға арналған тұжырымдамасын әзірлеуді міндеттеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қордаланған мәселені шешуға бағытталған «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданады. Президенттің қатысуымен бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының VIII съезі өтті.

Кәсіпкерліктің өрісі кеңейіп келеді. Мәселен осыдан 5 жыл бұрын шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 24% болған. Қазір бұл көрсеткіш 32%-ке жетті. Мемлекет те істің көзін тапқандардың тынысын тарылтпайды. Қандай қиын шақ болса да, бизнес қолдаусыз қалған емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлемге тараған эпидемия былтырдан бері еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтірді. Қиын сәтте мемлекет бизнес саласына жан-жақты қолдау көрсетті. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы құны 6,3 триллион теңге болатын дағдарысқа қарсы шаралардың 3 топтамасы жүзеге асырылды. Бұл ахуалды түзеуге және экономикалық белсенділік пен кәсіпкерлік бастамаларды қайта қалыпқа келтіруге мүмкіндік берді. Жұмыссыздықтың бірден белең алуына және кәсіпорындардың жаппай банкротқа ұшырауына жол бермедік. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 3%-ке өсті. Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді.

Жалғастыра береріне дәлел келесі жылы «Қарапайым заттар экономикасы» және Бизнестің жол картасы бағдарламаларының аясында 1 триллионнан кем емес қаржы бөлінеді. Басты міндет – халықтың денсаулығын сақтай отырып, кәсіпкерлік нысандарының қалыпты тіршілікке оралуына жағдай жасау. Ол күн қашан туады? Ол күнге жұрттың дені вакцинаны толық алған кезде жетеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бүгін мүмкіндікті пайдалана отырып, өз сөзімді кәсіпкерлік қоғамдастығына, оның ішінде бизнес иелеріне, басшылық пен қызметкерлерге арнамақпын. Бұл ретте еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, экономиканың толық іске қосылуы, тұрғындар табысының қалпына келтірілуі, сондай-ақ, ең бастысы, жақындарымыздың денсаулығы туралы сөз болып отыр. Қазақстанда тиімді, қауіпсіз және тегін вакциналар бар. Сіздердің түсіністік танытып, белсенді жұмыс істегендеріңіз маңызды.

Елге жаңа реттеуші саясат қажет. Қатаң талаптар жеңілдетіліп, «Smart Regulation» деп аталатын жүйеге көшеміз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Менің тапсырмам бойынша Парламент Мәжілісі «басынан бастап» реттеу жүйесіне негізделген заң жобасын енгізді. Оның басты қағидаттары: «Оne in two out» қағидасы, яғни, қазіргі екі талаптың орнына бір жаңасын енгізу, шектен тыс реттеуге жол бермеу үшін Түпкілікті міндетті талаптар реестрін жасау, реттеуші апелляция институтын енгізу, яғни, кәсіпкерлердің шағымдары бойынша тиімсіз талаптарды сотсыз қайта қарау механизмдері болуы керек, жаңа реттеуші механизмді тәжірибеден өткізу үшін экспериментальді құқықтық режим тетіктерін енгізу. Заң жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Құжатқа қатысты барлық базаны 2023 жылы осы қағидаттың енгізілуіне дейін дайындау қажет. Үкіметке оны Ұлттық палатамен тығыз ынтымақтаса отырып, әзірлеуді тапсырамын.

Үкімет пен «Атамекен» бірлесіп, шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуі қажет. Құжатта бизнесті тікелей қолдау қарастырылады. Субсидияларды нарықтық құралдар мен әдістер алмастырады. Осы орайда Президент: «шағын бизнестен орта санатқа көшу үшін кәсіпкерлікті реттеп, ынталандыратын жаңа шаралар қажет» деді. Кейін Үкіметке «Атамекенмен» бірлесіп, жыл аяғына дейін шағын және орта бизнесті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдауды міндеттеді. Тағы бір маңызды міндет – отандық өңдеу кәсіпорындарын қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету. Осыған орай жыл соңына дейін «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң қабылданады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өздеріңізге мәлім, бизнестің маған жасаған өтініштері негізінде 2023 жылдан бастап еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем жасау жүйесін енгізу туралы шешім қабылдадым. Шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме 34%-тен 25%-ке дейін азаяды. Мұндай тәсілді өзін өзі жұмыспен қамтитын және жеке кәсіпкерлерге қатысты да қолдану мүмкіндігін пысықтау қажет. Біз салық процесін басқаруды жеңілдетіп, кәсіпкерлік қызметтен барлық салықтар мен бюджеттен тыс төлемдерді қамтитын бірыңғай төлем жасау мүмкіндігін қарастырғанымыз жөн. Бұл бизнесті «көлеңкелі аймақтан» шығуға ынталандырады. Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, қолданыстағы арнайы салық тәртіптерін жетілдіру жұмыстарын пысықтауы қажет.

1 шілдеден Atameken Business Information Services іске қосылды. Осылайша, салық төлеушінің контрагенттерді дербес тексеруі үшін интеграцияланған ашық деректер базасы қалыптасады. Осы орайда Президент айтты: «Бизнесті белсенді түрде цифрландыру керек».

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Цифрлық дамудың маңызды бағыттарының бірі – жер учаскелері, құрылыстың негізгі жоспарлары, қолжетімді қуаттар, коммуникациялар және басқа да ақпаратты цифрландыру. Бұл – өндірістің негізгі факторлары. Онсыз бизнесті жүргізу мүмкін емес. Сонымен қатар бұл ақпарат аса құпия. Аймақтық деңгейдегі жұмыс белгілі себептерге байланысты шегерілуде. Басты себеп – танымал компанияларға болысу, оларға жер мен басымдық беру, ал шағын және орта бизнестің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді. Үкіметке бұл мәселені Цифрландыру комиссиясының алдағы отырысында қарастыруды тапсырамын. Әрбір әкім есеп беруі тиіс. Үкімет қатаң бақылап, жұмысты үйлестіруге міндетті.

Көміртегіне тәуелді болмаған жөн. Еуропа одағындағы көптеген мемлекет қазір осыған ұмтылып отыр. Мемлекет басшысы бұл мәселеге де арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан – әлемдегі энергияны көп тұтынатын елдердің бірі. Энергия теңгерімінің 70%-ін көмір генерациясы құрайды. Мұнай-газ секторының маңызын түсіндірудің өзі артық. Дегенмен, әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегінен таза ел болуға ниетті екенін мәлімдеді. Осы мәселе бізден технологиялық және экономикалық түбегейлі құрылымдық өзгерістерді талап етеді. Бұл әрбір азаматқа қатысты. Осыған байланысты Үкімет халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып, 2060 жылға қарай көміртегін аз пайдаланушы ел болу тұжырымдамасын пысықтауда.

Бұл істе отандық бизнестің көзқарасы мен пікірі аса маңызды. Сондықтан Президент жиын соңында Палата мен барша бизнес қауымдастықты аталған тұжырымдаманың жобасын әзірлеуге белсенді араласуға шақырды.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы, ПТРК