Павлодар облысында балық шаруашылығын дамыту жүзеге асырыла бастады

Ертіс өңірінде балық шаруашылығын дамыту жобалары жүзеге асырыла бастады. 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламаның басты мақсаты кенже қалған саланы дамытып, экономикалық тұрғыдан тартымды ету. Халықты сапалы өніммен қамтып, шаруашылықты өнеркәсіптік деңгейге көтеру. Қазіргі уақытта өндіріспен айналысуға бірнеше кәсіпкер ниет білдірген. Бағдарламаның нәтижесі қандай болмақ?

Бұл шағын су айдыны халық арасында Шабақты деп аталып кеткен. Дегенмен, бүгінде деңгейі төмендеп, балық қоры айтарлықтай азайған. Енді жағдайы түзелмек.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл шағын су айдынына мөңке мен тұқы балықтарының 25 мыңнан астам шабағы жіберілді. Қазіргі уақытта бұл шабақтың салмағы небәрі 30 грамды құрайды. Ал көктемде бір келіден асуы керек, яғни балықтар тауарлы өнімге айналады.

Облыста балық қоры мол 215 су айдыны бар. Барлығы табиғат пайдаланушыларының жауапкершілігінде. Десе де, олардың көбі кәсіптерін ақылы түрде балық аулау мақсатында дөңгелеткен. Тауарлы өнім, яғни тұтынуға арналған балық өндіретіндері некен-саяқ. Арнайы бағдарлама шеңберінде бұл бағытқа басымдық берілмек.

Жасұлан Жұмашев, облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі кезде карп, карась балықтарын өсіреміз. Әрі қарай осетр балықтарын өсіруге мақсаттанамыз. Алайда ең бірінші жұмыстар осы балық шабақтарын жіберу жұмыстары басталды. Осы балықтар тауарлы деңгейге өсіріліп, жергілікті халыққа жеткізу мақсат.

Шабақтарды суға жібермес бұрын зерттеу жұмыстары жүргізілген. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл көлде табиғи қоректік заттар мол. Бір сөзбен айтқанда, балықтың бағалы түрлерін өсіруге қолайлы.

Иван Зайцев, балық өсіруші:

- Тәлімбақтан әкелінген шабақтар осы жерде өсіріледі. Азық жетпесе, өзіміз қоректендіреміз. Бұл көлді таңдауымыздың да себебі бар. Балық үшін азық көп. Көлдің кей учаскелері қатып қалмайды. Яғни балықтар үшін оттегі жеткілікті. 

Сергей Хрипко, балықшы:

- Балық қоры азайып кеткен еді. Тек мөңке бар. Енді тұқы жіберілді. Шаруашылық дамиды деген сенімдеміз. Балық аулау ақылы болатыны анық. Ең бастысы, өзен-көлдердің биоалуандығы сақталса болды.

Жыл соңына дейін бірнеше су айдынында балықтандыру жұмыстары қолға алынбақ. Сала мамандарының айтуынша, бұл кәсіп экономикалық тұрғыдан өте тиімді. Тауарлы өнім шығару бойынша табиғат пайдаланушыларына дәрілік заттар, балық қорегі, шабақтарды өсіру мен ғылыми жұмыстарды жүргізуге мемлекеттен субсидия бөлінеді. Саланы дамыту мақсатында түсіндіру жұмыстары қолға алынған. Бүгінде тағы бірнеше кәсіпкер бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Кешенді жұмыс рет-ретімен жүзеге асырылса, 2030 жылға қарай бір жылда 10 мың тонна өнім өндірілмек. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат