Атырауда кір сабын шығаратын цех ашылды

Атырау облысына қарасты Индербор кентінде екі жігіт бірлесіп, кір сабын қайнататын цех ашты. Бұл тек аудан үшін емес, облыстағы жаңа бастама болғалы тұр. Қанатқақты жобаны қолға алған кәсіпкерлер өнімдерін әзірге сата қойған жоқ. Дегенмен, ауылдастары тұтынып көрген кір сабын түрлері сұранысқа ие. Мемлекеттен 5 млн теңгеге жуық жеңілдетілген несие алған жас жігіттер бастамаларының баянды боларына сенімді.

Шағын сарайға орнатылған мына қазанның тәуліктік қуаты 500 дана кір сабын шығаруға жетіп тұр. Сұраныс болса, оны 1000 данаға да жеткізуге болады, дейді кәсіпкер. Ал сұраныс болады. Себебі өнімнің осы түрін тек Индер ауданы емес, жалпы мұнайлы өңір көршілес Астрахань мен қиырдағы Қытайдан тасымалдап келеді. Тасымалданған тауардың бағасы жоғары болатыны белгілі. Ішкі нарықты тап басқан іскер жігіттер былтыр жазда мемлекеттен 4,7 млн теңге жеңілдетілген пайызбен несие алып, облыс үшін тың бастаманы қолға алыпты.

Арман Темірбекұлы, өндіріс технологы:

- Сол мемлекеттің арқасында жұмыс бастап кеттік. Алдағы уақытты бұл жерде тағы 3 адам істейтін болады. Осы бастап жатқан ісімізді толық меңгеріп алсақ, алға қарай сықпалы иіс сабын, кәдімгі сабын және сұйық сабын, белизна, антисептик шығарамыз деген ойымыз бар.

Сабын цехын аралап көргенде байқағанымыз, қондырғы қарапайым ғана. Газбен жылытылатын қазанда майды қыздырып, оған химиялық реагенттер қоссаңыз, кір сабын дайын. Жүйе толықтай автоматтандырылған. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Кәсіпкер жаңа шыққан өнімдерін осындай қораптарға салып, жинап жатыр. Бірақ әлі саттыққа шығара қойған жоқ. Асылы, бұл табиғи таза өнім деп айтамыз. Оның құрамы майлылығына қарай 78, 65 процент болып бөлінеді екен. Ал оның құрамында бар болғаны қолданылған өсімдік майы, сосын кәдімгі базарларда текке төгіліп жатқан малдың іш майынан өзге ештеңе жоқ.

Атырау облысында өнімнің бұл түріне сұраныс жоғары. Оның үстіне кәсіпкерлер сұйық сабын мен басқа да кір жуатын ұнтақтар шығарса, арзан өнімнің тез өтіп кетері анық. Себебі облыстағы ондаған кір жуу цехы әзірге тек импорттық ұнтақтарды қолданады. Демек, өндіріс кеңейсе, өңірге де, кәсіпкерге де пайда.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин