Табысынан шығыны көп қазақстандықтар тексеріледі

Шығыны табысынан едәуір көп азаматтар бұдан былай тиісті органдардың назарында болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парламент Мәжілісіне жаңа заң жобасын ұсынды. Құжатқа сәйкес, тапқан табысы мен шығыны арасындағы алшақтық 3 миллион теңгеден асқан мемлекеттік қызметші бұл қаражаттың қандай жолмен келгені жөнінде есеп беруі тиіс. Егер адал жолмен қол жеткізгенін дәлелдей алмаса, онда пайданың 90 проценті әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. 

Бұдан былай аяқ астынан байып, шалқып өмір сүретіндер назарда болмақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұсынған жобаға сәйкес, 2025 жылдан бастап қазақстандықтар кірісі жөнінде декларация тапсырады. Сөйтіп, арада тағы бір жыл өткен соң қаржылық шығыстар мен кірістерді салыстыру мүмкін болмақ. Демек, заң жобасының алғашқы нәтижесін 2027 жылы ғана көруге болады.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Менің ойымша, бұл ережені бірден енгізуге болар еді. Меніңше, Ахметжанов мырза бұл жерде өзі қаламайтындықтан емес, техникалық тұрғыдан іске асыру үшін біраз уақыт керек болғандықтан осы мерзімге межелеп отыр. Ал бірақ өз басым табысты декларациялауды қазірден бастап кеткен дұрыс деп ойлаймын. Осылайша азаматтар аяқасты артқан табысына қалай қол жеткені жайлы жауап беруі тиіс.

Сыбайлас жемқорлықты әшкерелеуге жәрдемдескені үшін қазақстандықтарды қаржылай ынталандыру қажет. Сонымен бірге еңбек ұжымында қандай да бір қысымға ұшырамауы үшін құқықтық тұрғыдан кешенді көмек берілуі тиіс. Мәжілісте таныстырылған жоба осы мәселеге ден қойған. Десе де, депутаттар «жемқорлықты жоюға мұндай өзгерістер аздық етеді» деген пікірде.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мен толық сенбеймін. Жаңа оған Марат Мұратұлы Ахметжанов мырза осы сыбайлас жемқорлық басшысы алып келген заң жобасы бұл белгілі бір кезеңдерге жауап беретін заң жобасы деймін. Енді әрине қолданыстағы заңнаманы жеңілдетеді. Бірақ түбегейлі сыбайлас жемқорлықты жойып тастай алады деп есептемеймін.

Ия, заң жобасы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Депутаттардың пікірінше, квазимемлекеттік секторда жемқорлықтың тамыр жаюына жағдай жасалған. Атап айтқанда, ағайынды туыстардың қатарласып, бір мекемеде жоғары лауазымда қызмет етуі сезікті.

Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жұмыс тобы барысында сол агенттігінің өкілі бұндай ұсыныспен келіскен жоқ. Оған қарсы шықты. Ал енді Дания Мәдиқызы сол сұрақты агенттіктің төрағасына қойса, Ахметжанов мырза ол, ана өкіліміз өзі жеке пікірді білдірді. Ал мен бұндай ұсынысты қолдаймын деп айтты. Яғни біз қазір бұл ұсынысыңызды ресми түрде енгіздік.

Азаматтардың түсініксіз жолмен пайда көруі бір ізді мәліметтер жүйесінен тайға таңба басқандай көрінбек. Қаржылық кірісі мен шығысындағы алшақтық 3 млн артылған қазақстандықтар бірден тексеріске ілігеді. Мұндай пайданың құқықтық негізі келтірілмесе, 90% әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді. Ал бұл сома жылдық табыстан артылса, онда мемлекеттік қызметші үш жылға қызметінен босатылады. Жалпы бұл норма бәріне бірдей қатысты болмақ.

Мәди Елубаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысалы, бұрынғы әйелі, қазіргі ажырасқаннан кейін бұл жерде машина тіркелсе немесе ол кісіде үй тіркелсе жоқ жерден, онда осы кісінің де.. сұранады. Сіз қай жерден алдыңыз, ақшаны қайдан таптыңыз. 

Жемқорлықты жоюға бағытталған заң жобасы - тарихи маңызды құжат. Құзырлы орган басшысы мен депутаттардың пікірі осыған саяды. Бірінші оқылымда «бір қайнауы кем болғаны» анықталса да келесіде жетіліп, жыл соңына дейін қабылданатынына сенім білдірді.

Бақыт Топтаева, Аят Дүйсенбаев, Жандос Сұлтанғазы