Теңге бағамы: елде девальвация бастала ма

Теңге бағамы: елде девальвация бастала ма

Төл валюта осыған дейін тап бұлай әлсіремеген еді. Қазір бір доллар 466 теңгеге жетті. Сонда небәрі бір күнде 28 теңгеге қымбаттап үлгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұны мамандар дабыл қағатын жағдай деп отыр. Бірақ девальвация басталды деп айтуға келмейді дейді. Алайда қымбатшылық қамыты киілетін сынды. Теңгенің құнсызданатынын мамандар болжаған. Бірақ тап осылай құлдырап кетерін ол кезде ешкім сезбеген еді. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бұрқ ете қалғанда, теңге бірден теңселе кетті. Күндіз тіпті ақша айырбастау орындарында бір доллар 474 теңгеге дейін саудаланды. Мұны көрген жұрт демін ішке тартқаны анық.

Елордадағы ақша айырбастау орындарында біраз уақытқа дейін доллар сатылмай тұрды. Түс ауа әйтеуір көк қағаздың шетін көрсете бастады. Содан ұлттық банк амалсыз базалық мөлшерлемені де өсірді. 13,5 процентке дейін көтерді. Тәлтіректеп қалған теңгеге сүйеу болсын деген оймен.

Мақсат Халық, экономист:

– Әдетте түске қарай қор биржасындағы сауда аяқталып қалатын. Бірақ бүгін бірнеше рет кейінге шегеріп отырды. Ақыры бір доллар 466 теңге деңгейінде қалады деген тоқтамға келді. Бірақ мұның қаншаға созыларын олар да білмей отыр. Теңге әлі де құнсызданып кетеді деген үрей бар.

Наталья Хорошевская, «Қазақстан қор биржасы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Ел ішінде теңге бағамына қатты әсер етіп отырған факторлар жоқ. Өкінішке қарай, қазір негізгі факторлар – аймақтағы геосаяси жағдай мен Украина мәселесі. Олар теңге бағамына айтарлықтай әсер етті.

Жұрт депозиттегі ақшасын жаппай алуға қамданған еді. Теңге тіпті құлдырап кетпей тұрғанда ауыстырып үлгерейін деген ойы ғой. Алайда Үкімет оларға кепілдік беретінін айтты. 10 процент қосып бермек. Алайда мамандар теңгенің қанша уақытқа тұрақты болып қаларын әзірге болжау қиын дейді. Барлығы көрші елдегі ахуалға байланысты болмақ. Бірақ бізде импорттық тауарлардың бағасы өсері сөзсіз дейді. Яғни инфлация тағы да қолдан сабын ұқсап сусып кетуі әбден мүмкін.

Авторы: Дастан Сейілханұлы