DiDi такси қызметі Қазақстандағы жұмысын толық тоқтатты

Такси, каршеринг және райдшеринг қызметтерін ұсынатын қытайлық конгломерат Қазақстандағы жұмысын толық тоқтатты. Отандық нарыққа келгеніне 8 ай болса да бұл салада орнын ойып тұрып алған өзге компанияларға терезесі тең бәсекелестік көрсете білді. Бірақ кетуіне не себеп?

Тәжірибелі такси жүргізушісі Мақсат қытайлық компанияның отандық нарықтан шығып кеткеніне қапалы. Өйткені бұл оның негізгі табыс көзі еді.

Мақсат Қанат, такси жүргізушісі:

- Жоқ енді басқа қызметке кетеміз. Жабылып жатқаны өкінішті. Өйткені Қазақстанда конкуренция болуы керек. Баға да тиімді болады. Енді өкінішті шынымен. Бұл енді кімнің шешімі екенін білмейміз. Бірақ дегенмен де, жабылмаса екен деген ниет болды басында. Бірақ осындай бұйрық шықты, жабылады дегеннен кейін көптеген жүргізуші басқа сала таңдады, қалғандары басқа таксиге кетті.

Сонымен 21 ақпанда көлік жүргізушілері мен тұрақты жолаушыларына алғыс айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында пост жариялаған қытайлық конгломерат Қазақстан мен Ресейден неге кетті? Себеп көп.

Оның ішінде "қаңтар оқиғасы" да бар. Бүлік кезінде такси компаниясы жолаушы тасымалдау қызметін уақытша тоқтатқан болатын. Осы уақытта клиенттерінен айырылды, дейді елордадағы таксопарк директоры Әкежан Нұрсапа.

Әкежан Нұрсапа, таксопарк директоры:

- Бұл жерде үлкен бәсекелестік. Соның кесірінен. Екіншіден, елде болған төтенше жағдай режимінің әсері қатты болды. Дәл сол мезетте өз жұмысын уақытша тоқтата тұрды. Өйткені интернеттің дұрыс жұмыс істемеуінен біздің қолданушыларға қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаймыз деген себеппен уақытша тоқтата тұрдық. Ең бірінші Шымкентте заказ аз болғандықтан жабылды. Одан кейін Алматыда бәсеңдей бастады заказдар.

Кезек елордаға да жетті. Осылайша еліміздің басқа қалаларына шықпақ түгілі үш ірі қаламызда да тұрақтай алмады. Тапсырыс көлемі азайған соң жүргізушілер өзге такси компаниясына ауыса бастады. Тұрғындар не дейді? Монополизм салдарынан, оның үстіне жаһандық геосаяси жағдайға байланысты баға күрт өсуі мүмкін бе?

БЛИЦ:

- Мүмкін өсуі. Такси көп болған орысша айтқанда конкуренция ғо. Конкуренция болған кезде пайдасы тиеді кімге? Бізге, қарапайым халыққа.

- Иә, бәсекелестік бар жерде сапа да ұлғаяды. Бағалары да төмендейді. Менің ойымша, бүкіл жерде бәсеке болу керек сапа үшін. Сіздің ойыңызша, қытайлық компанияның кетуі такси қызметі бағасының жоғарылауына әкелуі мүмкін ғой?

- Мүмкін. 

Бейресми деректер бойынша Қазақстан нарығында қызметін жалғастырып жатқан кейбір такси компаниялары жолаушы тасымалдау бағасын орта есеппен мың теңгеден түсірмеуі мүмкін, дейді сала мамандары. Бұл жаңалық жұмыссыз қалған көлік жүргізушілері үшін жағымды болғанымен жолаушы қалтасын жұқартары сөзсіз. 

Медет Құрманов, Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы:

- Бұл нарықтан кетуі ешқандай әсер етпейді. Өйткені өткен жылдары нарыққа кірген кездері біз көріп жаттық бағаның төмендегенін. Шопыр жүргізушілеріне бонустар төленді. Және де интернет желілерде көп маркетинг ретінде реклама болғанын біз көріп едік. Қазан айы кездерінде бұның маркетинг жүйесі ақырындап өтуін біз көрдік.

Естеріңізде болса, бұдан бұрын эстониялық такси қызметі де Қазақстан нарығына кірмей жатып шығып кеткен еді. Әділ бәсекелестік орнатуға ықпалын тигізер келесі ойыншы кім? Әліптің артын бағайық.

Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев