Теңге бағамы нығая түсті

Теңге бағамы нығая түсті

KASE биржасындағы күндізгі сессия қорытындысы бойынша бір доллар 473,61 теңге болды. Бұл доллар төңірегіндегі дүрбелеңнің басылуымен байланысты дейді сарапшылар. Ал қара алтын құны керісінше арзандады. Қытайда ковидтік шектеулер енгізілуіне байланысты мұнай котировкаларының төмендеуі байқалады. @tengenomika сарапшыларының пайымдауынша, бұл теңгенің одан әрі нығаюын шектеуі мүмкін.

Бауыржан Исабеков, экономист:

- Ұлттық қордан Ұлттық банк 1 миллиард теңгедей интервенция жасады. Егер де сол интервенция болмағанда, онда біздің теңгеміз долларға шаққанда 800,900, 1000 теңгеге дейін баратын еді. Сондықтан осы жасалған қадамдардың арқасында қазір теңгеміз тұрақталып, 450-460 теңге, екі айдың көлемінде сондай бағамға келуі мүмкін.

«Инста» мамандарына сұраныс артты

Әлеуметтік желілердегі жұмыстың әлеуеті артып барады. Жыл басынан бері жарияланған 2 мың хабарландыруда «Инстаграм»-мен жұмыс туралы айтылады. Танымал қосымшаны жақсы меңгерген мамандарға сұраныс көп. Бұл hh.kz хабарлады. «Инстаграм»-мен жұмыс істейтіндерге сұраныс соңғы жарты жылда 15 процентке артқан. Бұл кадрларға Алматыда сұраныс жоғары. Онда мың бос орын тіркелген. Одан кейін Нұр-Сұлтан және Шымкент тұр. «Инстаграм»-ның қыр-сырын меңгерген мамандарға жұмыс берушілер жақсы жалақы ұсынады. Мысалы, тәжірибелі таргетологтарға 700 мың теңгеге дейін төлеуге дайын. Ал қосымшамен енді ғана жұмыс істеп жүрген жас мамандардың жалақысы 80 мың теңгеден басталады. Сараптамаға сәйкес, бос орындар негізінен жарнама және маркетингтік агенттіктер, масс-медиа, өнер, білім мекемелірінде.

Түркия мен Грузияда жалдамалы үйлер қымбаттады

Ресейлік туристердің нөпірінен Түркияда жалға берілетін баспана қымбаттады. Танымал курорттық қалаларда баға 200-600 доллардан 1800 долларға дейін көтерілді. Стамбулда шағын студия 500 доллардан 1000-1500 долларға дейін өскен. Бұл туралы туристік сапарды ұйымдастыратын сайттардың бірі хабарлады. Сондай-ақ Грузияда да осындай үйлердің бағасы екі есе өскен. Жалдау құны 500 доллардан жоғары. Арменияда 30%-ке өсті, бағалар 350 доллардан басталады.